Парламент Жаңа Конституция талаптарына сай, елдегі адами капиталды дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді мемлекеттік бағдарламасын мақұлдады. Құжат аясында шикізатқа тәуелділікті азайтып, білім мен медицинаны қаржыландыру еселеп артпақ. Негізгі басымдық азаматтардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен әлеуметтік кепілдіктерді заң жүзінде қорғау. Толығырақ әріптесім тарқатады.
Диплом бар, бірақ жұмыс жоқ, немесе маман бар, бірақ біліктілік төмен. Қазақстанды ұзақ жылдар бойы тығырыққа тіреген осы мәселеге енді заң жүзінде нүкте қойылмақ. Жаңа Конституция мемлекетті құрғақ уәде беруге емес, әр азаматтың нарыққа сай біліктілік алуына жағдай жасауға міндеттейді. Ендігі кезекте техникалық мамандықтар мен технологиялық дағдыларды дамытуға ерекше мән беріледі. Себебі заманауи еңбек нарығына тек қағаздағы маман емес, нақты істің шебері қажет.
ЕРКЕБҰЛАН АМАНҒОСОВ, МЕМЛЕКЕТ ТАРИХЫ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ХАТШЫСЫ:
Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі - ол мемлекетті азаматтардың бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасауға міндеттейді. Егер біз қазір мектеп қабырғасынан бастап технологиялық дағдыларды дамытпасақ, ертеңгі жаһандық бәсекеде шикізатқа телміріп қала береміз. Заң осы бағытты түбегейлі өзгертті.
Адами капиталдың екінші тірегі - сапалы медицина. Ата заңда әрбір азаматтың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу құқығы шегеленді. Әсіресе өңірлер мен шалғай ауылдардағы алғашқы санитарлық-медициналық көмектің деңгейін көтеру басты талап. Сондай-ақ ана мен бала денсаулығын қорғауға конституциялық кепілдік берілді.
ЕЛНАР БЕРІКБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТАЛДАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Заңдағы өзгерістер медициналық қызметтердің қол жетімділігін арттыруға бағытталған. Қазір қаржыландыру механизмі қайта қаралып жатыр. Мақсат бюджет қаржысының емделушіге нақты жетуін қамтамасыз ету және өңірлердегі емханалардың сапасын елорда деңгейіне жеткізу. Бұл ұлт саулығына салынған тікелей инвестиция.
Конституция бұл тек заңгерлердің құжаты емес, бұл әрбір азаматтың ертеңгі күнге деген сенімі. Адами капиталының дамуы үшін адам өз елінде әділдікті сезінуі тиіс. Жаңа Конституция жасаған мүмкіндіктер енді тек биліктің емес, әрбір қазақстандықтың қолында. Білімді ұрпақ, дені сау ұлт қана қуатты мемлекет құра алады.