Жол апаты Орынбор көшесі мен Мәңгілік Ел даңғылының қиылысында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, «Changan» маркалы автокөліктің жүргізушісі солға бұрылу кезінде бағдаршамның қосымша секциясының талабын елемей, тыйым салынған белгіге өтіп кеткен. Салдарынан қарсы бағытта түзу келе жатқан «Mitsubishi» автокөлігіне жол бермей, соқтығысқан. Соққының әсерінен «Changan» көлігі жол жиегіндегі бағдаршамның металл тірегіне соғылған.
— Жол апаты салдарынан «Changan» автокөлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы медициналық мекемеге жеткізілді. Екі көлік те эвакуацияланып, коммуналдық айып тұрағына қойылды, — делінген Астана қаласының Полиция департаменті таратқан хабарламада.
Сонымен қатар екі жүргізушіде де масаңдық белгілері анықталмағаны белгілі болды. Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.