$489.39 €567.5 ₽6.69
×

Елордада биыл мүлікті бүлдірудің 80-ге жуық фактісі тіркелді

Елордада биыл мүлікті бүлдірудің 80-ге жуық фактісі тіркелді
Polisia.kz

Елордада бөтеннің мүлкін бүлдіру фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Негізгі назар — құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қала инфрақұрылымы нысандарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға аударылған. Қалада бейнебақылаудың дамыған жүйесі жұмыс істейді және қоғамдық орындарға тұрақты мониторинг жүргізіледі. Автобус аялдамаларындағы камералардың басым бөлігі Жедел басқару орталығына қосылған, бұл вандализм фактілерін дер кезінде анықтап, оған қатысы бар тұлғаларды белгілеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар полиция қызметкерлері дауыс күшейткіш құрылғылар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып, тұрғындарға қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттігін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жыл басынан бері елордада мүлікті бүлдірудің шамамен 80 фактісі тіркелді. Көбіне аялдама павильондары, орындықтар, қоқыс жәшіктері, жарнамалық құрылымдар, подъездердегі бейнебақылау камералары мен лифт жабдықтары құқық бұзушылардың нысанасына айналады. Бұзақылық ниетпен аялдама павильондарының есіктері, орындықтары, электр розеткалары сындырылып, шыны конструкциялары бүлінген жағдайлар да тіркелген. Анықталған барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауаптылыққа  тартылып, олардың кейбіріне әкімшілік қамау жазасы қолданылды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың мүлікке зиян келтіру жағдайлары да жиі кездеседі. Мұндай жағдайда келтірілген шығын үшін заңды өкілдер жауап береді және оны өтеуге міндетті. Полиция бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін айыппұлдан бастап әкімшілік қамауға дейінгі жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Полиция тұрғындарды бейжай қалмауға және вандализм фактілері туралы “102” арнасына хабарлауға шақырады. Қаладағы тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау – елорданың әрбір тұрғынына ортақ міндет.