«Арзан саяхат» қымбатқа түсті. Алматыда 150-ден астам тұрғын туристік компанияның құрбаны болғанын айтып, шағымданды. Жәбірленушілердің сөзінше, компания өкілдері оларды шетелге арзан бағамен саяхатқа жіберуге уәде беріп, жолақысы үшін қомақты қаржы жинаған. Алайда жоспарланған сапар жүзеге аспай, компания өкілдері түрлі сылтаумен жауапкершіліктен жалтарған көрінеді. Соның салдарынан кейбір азаматтар бірнеше миллион теңге шығынға батқан. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Жәбірленушілердің айтуынша, туристік компания қызметкерлері оларға талон таратып, шетелге жолдама ұтып алғандарын хабарлаған. Кейін сенімге кіріп, тек ұшақ билетінің ақысын төлеу қажет екенін айтқан. Қызметтің арзандығына қызыққан тұрғындар ақша аударған. Алайда уәде етілген сапар ұйымдастырылмаған. Сөздерінше, компания бір адамнан кемінде 300 мың теңге, ал кейбірінен 4 миллион теңгеден астам қаржы алған.
ГҮЛНӘЗ БАБАЗОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
Қолымнан телефонды алып, өздері басып-басып алды да кредит рәсімдеді менің атымнан. Сосын маған бір пакет алсаңыз 6 адам қыдыруға барасыздар деді. Сөйтіп мен құрбыларыма айттым. Біреуі қыздарымен барамыз деді. Ол кісілерден ақшасын алдым, тәтемнен ақша алдым, өз ақшамды салдым. Май айында турды сатып алдық. Енді осы маусымда звондаймын ответ жоқ.
Тұрғындардың сөзінше, бұл компанияға қатысты шағымдар былтырдан бері түсіп келген. Дегенмен, компания атауын 3 рет ауыстырып отырған дейді.
САНДУҒАШ СЫРЛЫБАЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
Қыстан бері істі болған бұлар. Неге бұларға алдын ала жауып, арест қоймаған. Бұлардың мүлкіне неге арест салмаған? Бұл жерде 3 адам бар. Бұл деген группа ғой. Алаяқтық топ.
ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:
Басы дауға қалған туристік компания бүгінде жұмысын тоқтатқан. Ғимаратының есігі жабық, жарнама тақтайшасы алып тасталған. Полицияның хабарлауынша, қазір алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, мекеменің басшылығы ұсталған.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қылмыстық кодекстің 190-шы бабының 3-ші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Яғни, бірнеше рет жасалған алаяқтық дерегі бойынша 3 күдікті ұсталып, уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Соттың санкциясымен бұл күдіктілерге қатысты үй қамақ тағайындалды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, туристік компанияға қатысты қылмыстық іс екі ай бұрын тіркеліп, қызметі тоқтатылған. Алайда жәбірленушілердің сөзінше, бұған қарамастан мекеме жұмысын жалғастырып, клиенттерден ақша жинаған. Қазір полицияға арызданушылар қатары күн санап артып келеді.