Еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыстық күшейді. Кей жерлерде ауа температурасы 40 градустан асты. Оңтүстікте ғана емес, солтүстік өңірлерде де ауа температурасы қатты көтеріледі деп күтілуде. Ыстықтан қалай қорғанамыз? Әйгерім Есенкелді сөз алсын.
Шіліңгір шілдеге де жетпей жатып, аптап ыстық алқымнан алды. Себебі еліміздің бірнеше өңірінде шыжырайған күннің температурасы 35 градустан түспей тұр. Ал Қазгидромет алда 42 градусқа дейінгі ыстықты ескертті. Сая іздеген жасы да, жасамысы да өзен көлдер мен субұрқақты жағалап жүр.
БЛИЦ:
- Осы жолы кішкене қатты ыстық болып тұрған сияқты. Себебі, былтырлары ондай емес еді. Басымызға кепка киіп алдық, көлеңкеде жүреміз, зонтигіміз бар қолымызда.
- Кондёрмен... Жаңағы үйде де кондёр , амалдауға болады.
- Тек салқынның астындамыз. Әйтпесе қиын басқаша.
- Бас киім міндетті түрде кигіземіз. Ал дәл қазір субұрқақ маңында жүріп, салқындап жүр.
Синоптиктердің мәліметінше, бірнеше күнге созылған қапырықтан кейін солтүстік өңір тұрғындарын аздаған салқын күтіп тұр. Қазақстан аумағына циклон ығысып келіп, жаңбыр, найзағай, бұршақ, жел күшеюі мен шаңды дауылдар әкеледі. Циклон өткеннен кейін солтүстік пен орталық аймақтарында күн райы біршама қолайлы болады дейді.
НҰРДАНА ТІЛЕУҚҰЛ, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БІРІНШІ САНАТТЫ СИНОПТИК-ИНЖЕНЕРІ:
Үш жыл бұрын, жаз мезгілінде еліміздің солтүстік өңірлерінде дәл осындай синоптикалық жағдай қалыптасқан болатын. Иран аумағынан келген ыстық ауа массаларының әсерінен солтүстік облыстарда ауа температурасы тұрақты түрде +37...+39 °C-қа дейін көтеріліп, кей жерлерде +40 °C-қа жеткен еді.Сондықтан солтүстік өңірлердегі қазіргі күшті ыстыққа ең ұқсас жыл – 2023 жыл болып табылады.
Дегенмен еліміздің біраз өңірінде ыстықтың беті қайтпайды. Оңтүстік пен шығыс аймақтарына Өзбекстан аумағынан құрғақ әрі жылы ауа келуін жалғастыратын көрінеді. Синоптиктердің болжамынша, адамдар кемі 33 градус ыстықта жүреді. Күн қыза түскен сайын ауа баптағышқа тапсырыс көбейеді. Мамандар бүгінде тапсырыстың көптігінен үлгермей жатқанын айтады.
АСЫЛХАН СЫДЫҚАЛИЕВ, АУА БАПТАҒЫШ САТУ МАМАНЫ:
Осы соңғы екі күннен бастап заказдар өте қатты көбейді. Себебі ауа райы бірден қатты ысыды. Осындай уақыттарда бізде ажиотаждар болады. Салқындатқышты, кондиционерді көктемде тапсырыс берген тиімді болады. Ал жақындаған кезде, күн ысыған кезде тапсырыс беретін болса, ол кезде ажиотаж болады және де біз оны айтқан күнінде орнатып бере алмаймыз, себебі очередь.
Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл және Ұлытау облыстарында жоғары және төтенше өрт қаупі жарияланды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тек Алматы облысының өзінде маусым айынан бері 56 өрт оқиғасы тіркелген.
ЕРЖАН ӘДІЛХАНОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ МАЙОРЫ:
2026 жылдың маусым айында Алматы облысы аумағында құрғақ шөптер мен ашық аумақтарда 56 өрт оқиғасы тіркеліп, жалпы жану алаңы 72,2 гектарды құрады. Ауа температурасының күрт жоғарлауына байланысты табиғи және тұрмыстық өрттердің шығу қауіпі еселеп артады. Әсіресе құрғақ шөп, орман алқаптары, ашық аумақтар мен тұрғын секторларда өрттің тез таралу ықтималдылығы жоғары болады. Осыған орай, өрт қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет.
ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:
Шекені тесердей, ми қайнатқан мына ыстыққа шыдауға тура келеді. Алда әлі шілденің шіліңгірі бар. Мамандар ескертулерді елеп, аса қажет болмаса күн астына көп шықпауға кеңес береді.