$486.19 €554.26 ₽6.51
×

Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша жүк тасымалы 6 жылда бес есе өсті

24.06.2026ж. 00:15
Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша жүк тасымалы 6 жылда бес есе өсті
Фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелінде сөйлеген сөзінде айтты.

Содан кейін Президент ынтымақтастықтың перспективті бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі еуропалық серіктестерге Қазақстанның Еуропаны Орталық Азиямен, Қытаймен, Кавказбен және Таяу Шығыспен байланыстыратын өңірлік логистикалық хабқа айналуға ұмтылатынын айтты.

– Біз инфрақұрылымға, атап айтқанда, мыңдаған шақырым темір жол салуға және Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға қомақты қаржы құйып жатырмыз. Бұл күш-жігеріміз Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясымен үйлесіп, Орта дәлізді еуразиялық қауіпсіз байланысқа арналған негізгі әрі орнықты магистральға айналдырады. Көлік инфрақұрылымын жаңғырту қазірдің өзінде оң нәтиже көрсетті. Соңғы алты жылда аталған бағыт бойынша жүк тасымалы бес есе – жыл сайын 0,8 миллион тоннадан 4,1 миллион тоннаға дейін өсті. Дәліздің жүк өткізу қабілетін 10 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды көздейміз. Бұл меже еліміздің әлемдік логистикада маңызды күрежол ретіндегі позициясын нығайтады. Осы қарқынды сақтау үшін Қазақстан соңғы 15 жылда көлік және логистика инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан астам қаржы салды. Бүгінде Каспий теңізі жағалауындағы Ақтау және Құрық порттары халықаралық транзиттің маңызды қақпасы ретінде қызмет етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгін Қазақстан даму банкі мен Еуропалық инвестициялық банк арасында, сондай-ақ құрамына Commerzbank, JPMorgan Chase Bank және Standard Chartered Bank кірген Банктер синдикаты MIGA (Инвестициялық кепілдіктер жөніндегі көпжақты агенттіктің) кепілдігімен қол қойылған, құны шамамен 1 миллиард доллар болатын логистикалық инфрақұрылым саласындағы келісімді құптады.