$487.02 €552.23 ₽6.51
×

Ақтөбеде интернет-алаяқтық дерегі бойынша күдікті ұсталды

25.06.2026ж. 09:15
Ақтөбеде интернет-алаяқтық дерегі бойынша күдікті ұсталды
Polisia.kz

Ақтөбе облысы полиция департаментінің CyberPol бөлімшесінің қызметкерлері заңсыз микронесие рәсімдеуге байланысты интернет-алаяқтық фактісін ашты.

Полицияға Ақтөбе облысының тұрғыны жүгініп, алаяқтардың құрбаны болғанын хабарлаған. Оның айтуынша, ол Instagram әлеуметтік желісінде 1 млн теңге көлемінде несие рәсімдеуге көмектесу туралы жарнаманы көріп, көрсетілген сілтеме арқылы өткен. Кейін WhatsApp мессенджері арқылы хат алмасу барысында белгісіз адам өзін несие рәсімдеуге көмектесетін маман ретінде таныстырып, жәбірленушіден жеке деректерін, жеке куәлігінің фотосуретін, жеке басын растау үшін өз фотосын және SMS арқылы келген растау кодын жіберуді сұраған. Қажетті мәліметтерді алғаннан кейін күдікті байланысқа шықпай қойған. Арада бір ай өткен соң жәбірленуші өзінің атына микроқаржы ұйымдарының бірінен рәсімделген несие бойынша төлем жасау қажеттігі туралы хабарлама алған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 260 мың теңгені құрады. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Ол Ақтау қаласының 23 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.