Қостанайда бүтін бір көшенің тұрғындары бірнеше жылдан бері көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр. Көшеаралық газ құбырын өткізу үшін қомақты қаражат қажет. Қалың бұқара оны қалтамыз көтермейді деп отыр. Көпшілік талай рет әкімдік табалдырығын тоздырып, мәселені көтергендігін айтады. Әзірге нәтиже жоқ. Табиғи отынның тауқыметін тартқан тұрғындармен тілшіміз Заңғар Санай тілдесіп қайтты.
Заңғар Санай, тілші:
Шаһар шетіндегі шағын аудан түгел газға қосылған. Тек жалғыз көшенің тұрғындары көгілдір отынның игілігін көре алмай отыр. Бұл маңдағы құбыр желісі жүз қадам жерде жатыр. Бірақ, үй алдына жеткізу үшін қыруар ақша керек, - дейді тұрғындар.
Көшербай Дайыров, қала тұрғыны:
Бір үйге кемінде 800 мың теңге немесе 1 миллион ақша керек. Ондай ақша бізде қайдан болсын?
Узкоколейный көшесінің бойында 20 шақты үй бар. Газ тартылмағандықтан, кейбір баспана қаңырап бос тұр. Көпшілік күніне бірнеше рет көмір жағып, күйбің тірлік кешуде. Жылу жүйесі қатып қалмас үшін, күні бойы үй күзетіп, жұмысқа шыға алмай отырғандары да бар.
Бағдат Кәрімқызы, қала тұрғыны:
6 жыл көмір жағып отырмыз. Көмір алдық 6 тонна. 100 мың теңге кетті. Үйде бір адам отыру керек жұмысқа шықпай. Көмір жағу үшін. Өте қиын жағдай болып тұр.
Аймақты табиғи газбен қамтамасыз етіп отырған «ҚазТрансГаз Аймақтың» арнайы инвестициялық бағдарламасы бар. Бұл тізімге Узкоколейный көшесі енбеген. Сондықтан тұрғындардың түйткілін оңтайлы шешу жергілікті әкімдіктің құзырында, - дейді өңірдегі өндірістік филиал өкілдері.
Абзал Жанғалиев, "Қазтрансгаз аймақ" АҚ Қостанай өндірістік филиалы директорының орынбасары:
Сол 2016-2020 жылдарға арналған бағдарлама бойынша жаңағы аудан нақты Узкоколейный көшесі қарастырылмаған. Халық өзіміз істейміз десе, бізге келіп арыз жазады, біз оны 5 күн шамасында қараймыз. Жергілікті әкімдіктің бағдарламасында бар ма, жоқ па - біз білмейміз. Қосуға бола ма әлде болмай дегенді де әкімдіктен білу керек
Ал, қала басшылығы мәселені қарап жатырмыз деп ақталды. Билік өкілдері бюджеттік инвестициялық өтінім беруге сметалық құжаттар дайындалғандығын жеткізді.
Алмат Досымхан, Қостанай қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
Жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу үшін, Қостанай қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі бюджеттік инвестициялық жобаны дайындап, оны жақын арада Қостанай облысы әкімдігінің энергетика және ТҮКШ басқармасына қарауға жібереді. Басқарма өз кезегінде аталған өтінімді арнайы құрылған бюджеттік комиссия қарауына ұсынады. Бюджеттік комиссияның оң шешімі болған жағдайда, облыстық мәслихаттың сессиясына қарауға жіберетін болады.
Облыс мәслихаты депутатарының
сессиясы алдағы наурызға жоспарланған. Жалпы, Қостанай қаласында газға
қосылмаған 72 көше бар. Бірақ шаһар билігі газ құбырын тартуға қанша қаражат
бөлінетіндігін және қашан құрылыс жұмыстары басталатындығын дөп басып айта алмады.
Заңғар САНАЙ