Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттың үні, қоғамның айнасы деуге толық негіз бар.
Өйткені өз азаматтарымызбен қатар, күллі әлем қауымдастығы елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістердің түпкі мәнін, ең алдымен, отандық медиа арқылы танып, біледі.
– Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан журналистері осы жауапкершілікті терең сезініп, кәсіби міндеттерін жемісті атқаруда. Наурыз айында біз – бәріміз бір ел болып, конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Жалпыұлттық референдум кезінде халқымыз мемлекеттің келешегін айқындайтын тарихи таңдауын жасады. Еліміздің бас құжаты – жаңа Конституциямыз өз тұғырына қонды. Ата заңды әзірлеу және қабылдау оңай шаруа емес екені анық. Бұл – бірлігі бекем, рухы биік және жарқын болашаққа деген сенімі зор ұлттың ғана қолынан келетін бірегей қадам. Біз осы мақсатқа жету үшін ұзақ жолды жүріп өттік. Арнайы Конституциялық комиссия құрып, Негізгі заңның әр бабын ел мүддесі тұрғысынан мұқият сараладық. Бүкіл жұртты бір мұратқа ұйыстырған ортақ істе медиа саласы мамандарының маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өту қажет. Журналистер қауымы Конституциялық комиссияның қызметі туралы сапалы және мазмұнды хабарлар таратты. Сондай-ақ Ата заңға енгізу үшін ұсынылған түзетулерге қатысты жан-жақты талдау жұмысын жүргізді. Науқан кезіндегі тікелей эфирлер, сараптамалық материалдар мен танымдық сұхбаттар – соның айқын дәлелі. Жалпы, журналистер өз кәсібилігін толығымен көрсетті. Осы салада нағыз кәсіби маман болу дегеніміз – «қолдан жасалған» айқай-шу немесе даңғаза жасау емес, бұл – ең алдымен өзекті мәселені жан-жақты білу және тақырыпты жетік меңгеру деген сөз. Комиссия отырысының әлеуметтік желідегі эфирлері де миллионнан астам қаралым жинады. Осылайша, Ата заң жобасын талқылау жалпыұлттық деңгейдегі пікірталасқа ұласты. Бұл іске елге жанашыр азаматтарымыз түгел қатысты. Мәселен, «e-Government» және «е-Өтініш» цифрлық жүйесі арқылы мыңдаған өтініш келіп түсті. Түптеп келгенде, мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі екені сөзсіз. Конституциялық комиссия мүшелері салмақты әрі ұтымды ұсыныстардың ешқайсысын назардан тыс қалдырған жоқ, оның бәрі мұқият зерделенді. Бас құжаттың жобасын дайындау және оны талқылау тәжірибесі мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасын мүлдем жаңа деңгейге көтерді. Комиссия құрамында масс-медианың беделді өкілдері де болды. Сондықтан журналистер қауымын жаңа Ата заңымыздың тең авторларының бірі деп айтсақ, қате болмайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жаңа Конституция – халқымыздың темірқазығы, әділетті қоғамның мызғымас тұғыры және орнықты дамудың берік кепілі екеніне назар аударды.
– Негізгі құжатта еліміздің Егемендігі мен Тәуелсіздігін қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау, Заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлік пен татулықты нығайту басты қағидаттар ретінде бекітілді. Конституцияда білім мен ғылымды, инновацияны және адам капиталын дамыту стратегиялық бағыт деп танылды. Сонымен қатар халықтың әл-ауқатын арттыруға, жасампаз отаншылдық пен еңбексүйгіштік идеясын дәріптеуге, табиғатқа қамқорлықпен қарауға басымдық берілді. Бірнеше күннен соң, яғни 1 шілдеде Конституциямыз заңды күшіне енеді. Қазақстан түбегейлі жаңа дәуірге қадам басады. Конституция еліміздің саяси және идеологиялық арқауы ретінде ұзақ жыл бойы халық игілігіне қызмет етеріне сенемін. Қазақстанның дамыған және озық ел болғаны өзімізге ғана керек. Біздің басқа еліміз жоқ. Сондықтан қазіргі және келер ұрпақтың алдында аса маңызды міндет тұр. Бұл – Отанымызды өнегелі мемлекетке айналдыру. Немерелеріміз ағымдағы кейбір олқылықтарымызды, қателерімізді кешіруі мүмкін. Себебі әр жұмыс, әр еңбек қатесіз болмайды. Бірақ Егемендігімізге зиян келтіріп, Тәуелсіздігімізді қорғай алмасақ, олар бізді ешқашан кешірмейді. Өйткені Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі құндылық. Ал Тәуелсіздікті сақтап, елімізді одан әрі дамыту үшін ең алдымен қоғамымызда татулық пен тұрақтылық болуы қажет. Онсыз ештеңе болмайтыны айдан анық. Мемлекетіміздің тұғыры – әділеттілік. Бұл ұғымның масылдыққа, селқостыққа ешқандай қатысы жоқ. Керісінше, әділеттілік, бұл – еңбекқорлық ұғымына жақын түсінік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ел тағдырына тікелей әсер ететін маңызды оқиға қарсаңында Парламенттің 8-ші шақырылымы өз жұмысын аяқтайтынын еске салды.
– Қос палатаның бірлескен отырысына міндетті түрде қатысамын: тарихи кезеңде атқарылған жұмысты қорытындылап, ел дамуының жаңа кезеңіндегі негізгі мақсат-міндеттерге тоқталып өтемін. Біз, Қазақстан халқы жасампаз әрі озық ойлы ұлт ретінде алысқа көз тігеміз. Осы даңғыл жолда берекелі бірлігіміз бен ырысты ынтымағымызды күшейтіп, барлық мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, отандық бұқаралық ақпарат құралдары өздеріне жүктелген жауапты миссияны жоғары деңгейде атқару үшін халықаралық медиа қоғамдастықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тиіс.
– Медиаиндустрия цифрлық дәуірдің сын-қатерлерімен алғашқылардың бірі болып бетпе-бет келді. Осылайша, цифрлық матрицаның – қоғам өміріндегі жаңа санаттың бір бөлігіне айналды. Нарықтың түбегейлі өзгеруі салдарынан жаңалықтар порталы, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер алдыңғы қатарға шықты. Мерзімді баспасөз бен телевизия бұрынғы үстемдігінен айырылды. Қазіргі жағдай осындай. Алайда мен «Дәстүрлі медианың дәурені өтті» деген пікірмен келіспеймін. Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келеді. Олардың басты артықшылығы – мәселені терең талдап, шолу мен сараптама ұсына алуында. Ақпараттық кеңістікте қарабайыр тақырыптар қаптап, ұсақ-түйекті сөз қылу көбейген заманда сапалы әрі өзекті журналистиканың маңызы еселеп артады. Сондықтан, менің ойымша, дәстүрлі БАҚ қым-қиғаш уақиғалар нөпірінде қоғам үшін ақпарат айдынындағы компас, тіпті идеологиялық бағдар рөлін алдағы уақытта да атқара береді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы журналистердің жалған ақпарат таратуға қарсы күресте атқаратын рөліне тоқталды.
– Заманауи технологиялар цифрлық алаңда алауыздықты әдейі ушықтыратын «ботофермалардың» пайда болуына түрткі болды. Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату, адамды қаралау, өтірікті шындай соғатын қауіпті құбылыс қалыптасты. Оны қазір дипфейк деп атайды. Яғни объективті фактілер эмоцияның көлеңкесінде қалып, қасақана арандатушылық туғызады. Қоғамның ынтымақ-бірлігіне сына қағып, мемлекеттік институттардың атына кір келтіру үшін жасанды интеллект құралдары қолданылады. Танымал тұлғалардың жасанды цифрлық бейнелерін түпнұсқадан ажырату мүмкін емес. Мұндай технологияларды түрлі алаяқтар мен деструктивті күштер белсенді пайдаланады. Сондықтан медиа саласының қызметкерлері жауапкершілік танытып, мемлекеттің аталған гибридті, аса қауіпті қатерлерге төтеп беруіне атсалысуға тиіс. Осы орайда сіздердің еңбектеріңіз орасан, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанда БАҚ қызметіне қажетті жағдай жасалғанын айтты.
– Елімізде пікір алуандығы мен сөз еркіндігі бар, ал цензураға заң жүзінде тыйым салынған. Алайда, сөз бостандығы дегеніміз жүгенсіздікке және тәртіпсіздікке жол беру деген сөз емес. Сондықтан қоғамдық пікірді өздерінің теріс пиғылына пайдаланып, медиа саласында айласын асырғысы келетіндер мына бір қарапайым қағиданы жадында ұстауы қажет: бірде-бір адам шексіз құқық иесі емес. Басқаша айтсақ, өз құқыңды білу және сақтау өзгенің құқын бұзу немесе ар-ожданын таптау деген сөз емес. Алдымызда адамдар жалған ақпараттың жетегінде кетпей, күрішті күрмектен ажыратуы үшін медиасауаттылықты барынша арттыру міндеті тұр. Қоғам қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект технологиясының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет, соның ішінде кез келген заңсыз ақпаратты жедел анықтау және бұғаттау жұмысын қолға алу өте маңызды. Біз Заң мен тәртіпке бағынатын ел ретінде құқықтық нигилизмге, әсірешілдікке, яғни, радикализмге және халқымыздың болмысына жат құндылықтарды насихаттау ісіне түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.