$486.47 €554.77 ₽6.26
×

Су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Атырауда суға шомылу маусымы басталғалы  4 адам суға кетті.  Қайғылы оқиғаның барлығы да қауіпті аумақ деп белгіленген жерлерге  болған.  Дегенмен аймақта бір де бер  жағажай жұмыс істеп тұрған жоқ. Шенділер  шілдеде ғана ашамыз дейді. Төбені тесер ыстықта қалалықтар  жан бағатын жер таппай жүр.  Еліміздегі су айындарындағы қауіпсіздіздік шаралары туралы тілшілер  айтады.

БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Атырауда былтырғы шомылу маусымында 7 адам суға кетті. Оның үшеуі  - бала. Биыл су айдынында 5 адам тілсіз жаудың құрбаны болды.  Ал, аймақта әлі бірде-бір ресми шомылу орны ашылған жоқ. Дәлірек айтсақ,  дайын емес. 

Сондықтан төтеншеліктер жағалаулар дайын болғанша,  барлық су айдыны қауіпті екенін ескертеді.  Қазір 14 мобилді  топ  күндіз-түні  жағалауды торуылдап, халыққа ескерту жасап жүр.  Сүңгуірлер  облыс бойынша 116 қауіпті учаскені анықтап,  белгі қойған.

АЙТҚАЛИ БАЙТҮГЕЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

14 мобилдік топтың құрамында 31 құтқарушы және 46 өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамы жағажайда ескерту жұмыстарын жүргізуде. Соған қарамастан  қазіргі уақытта тұрғындардың суға шомылу фактілері тіркелуде. Жағажай ашылмаған соң барлық жер қауіпті болып есептедеі.

Биыл қалада 1, қала маңындағы ауылдарда 4 жағажай орны белгіленіпті. Оны абаттандыру үшін бюджеттен 91 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Жоспар бойынша, жағажай аумағы тегістеліп, құм төселіп, құтқарушы, күзетші   отыратын арнайы ғимараттар құрылысынан бастап, демалушыларға арналған  қолшатыр, жатын орындары да алынбақ.

АЗАТ ХАМИЛУЛЛАЕВ, «БИЗНЕС ТУРИЗМ» КМК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ол жерде бізде биотуалеттер бар,  арнайы құтқарушы вышкалары бар,  дәрігерлерге, күзетшілерге өзінің орындары бар. Шомылу маусымы келген кезде  ол жерде күзетшіміз, қауіпсіздігін қарайтын, құтқарушымыз болады. Және алғашқы көмек көрсететін дәрігер болады.  Шомылу маусымы басталғаннан, аяқталғанға дейін сол жерде қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. 

БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Былтыр да шаһарда  жағажай тым кеш ашылып,  тұрғындар  ресми рұқсатты күтпестен Жайық жағалап кеткен еді.  Атқамінерлер биыл қауіпсіз һәм жайлы жағажайды шілдеде ашамыз,- деп отыр. Ал, аудандарда  мүлдем ресми  жағажай жоқ. Биыл ашылмайды да.  Қызылордада жағдай қалай? Әріптесім Мөлдір жалғастырады...

МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Рахмет, Базаргүл. Қызылордада жыл басынан 9 адам суға кетіп көз жұмған. Өкінішке орай, оның үшеуі бала.

Аймақта суға түсуге арналған 9 жағажай белгіленген. Алайда олардың өзінде алаңдамауға негіз жоқ деп айтуға болмайды. Себебі былтыр қалалық жағажайда 1 жасөспірімнің өмірі қыршынан қиылған еді. Төтеншеліктердің мәліметінше, облыста суға түсуге тыйым салынған 63 аумаққа 400-ге жуық ескерту тақташасы орнатылған. Одан бөлек суға түсу маусымы басталғалы рейдтік шаралар да күшейтілген. Алайда, тұрғындардың кейбірі оған құлақ аспауда. Мамандар қайғылы оқиғалар негізінен қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан орын алады дейді.

МЕРЕЙ РАМАНҚҰЛ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД-НІҢ БАСҚАРМА ИНЖЕНЕРІ:

Ата-аналар баланы қараусыз қалдыру салдарынан орын алып отыр. Екінші жағдай, балық аулау кезінде қауіпсіздік талаптарын орындамау саладарынан орын алып отыр. Суға түсуші барлық азаматтарға ескертеріміз суға түсу алдында денені үйретіп, әрине белгіленген орынға, белгіленген құтқару джелетін киіп, барлық қауіпсіздік талаптарын сақтауды ескертеміз.

Полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар мамандары су айдындарындағы қауіптің алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Судағы қауіпсіздік қағидарын бұзғандарға қатысты заңдық тұрғыда жаза қарастылған. Соның негізінде 18 жеке тұлғаға 272 мың теңгеден аса  айыппұл салынған.

ҒАЛЫМЖАН НАҒМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Әкімшілік кодкстің 364-бабында белгіленбеген жерге суға түсу, тыйым салу ережелерін бұзған жағдайда әкімшілік шара көру қарастырылған. Әкімшілік хаттаманы 16 жастан бастап толтырылады. Егер бала 16 жасқа толмаған болса, оған қатысты құжаттар жинақталып комиссия отырысы бар, соларға жолданады. Тиісті шешім қабылдау үшін.

МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бақылаусыз қалған бір сәт адам өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Сондықтан шебер жүзсең де суда салғырттық танытуға болмайды дейді мамандар. Қызылорда секілді ыстық өңірдің бірі Шымкент. Мегеполистегі жағдайды әріптесім Айзада Төребекқызы жеткізеді.

АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Иә, Мөлдір, Шымкентте де күн күйіп тұр. Кешелі бері ауа температурасы +33 – 36 градустан түспей тұр. Аптап ыстықтан қашып, жанға сая іздеген көпшілік жекелеген демалыс орындарындағы бассейндер мен рұқсат етілген орындарға ағылуда. Одан бөлек рұқсат етілмеген жерлерге де шомылатындар баршылық дейді төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері. 

Айта кетейік, елдегі үшінші мегаполисте шомылу маусымы ресми түрде 1 –маусымнан ашылған. Шымқалада ресми рұқсат етілген үш шомылу орны бар. Оның екеуі қала сыртындағы Бадам мен Тоғыс су қоймалары болса, үшіншісі қала орталығындағы - Қошқарата өзенінің арналары.

Бұдан бөлек 13 тиым салынған су орындары бар. Төтеншеліктер тиым салынған орындарға жыл басынан бастап жергілікті атқарушы орындармен бірлесе отырып «шомылуға болмайды!» деген 267 тақтайша орнатқандарын айтады. Оңтүстікте көктемнен бастап күн күрт ыситынын ескерген мамандар тұрғындарға ескерту жұмыстарын сәуір айынан бастап қарқынды жүргізіліп келеміз дейді. Содан бері қала аумағында 137 рейдтік іс-шара ұйымдастырған. Оған Төтенше жағдайлар департаменті, полицейлер, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен еріктілері бар 114 мыңнан астам адам жұмылдырылған.

АСҚАР ШӘРІП, ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Егерде тұрғындардың арасында осы шомылуға рұқсат етілмеген аймақтарда шомылу фактілері анықталған жағдайда ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 412 бабына сәйкес 7 АЕК айыппұл көзделген. Қазіргі таңда рейдттік жұмыстардың нәтижесіне сәйкес онға жуық тұрғынға біз айыппұл салған болатынбыз және алты адамға ескерту салынды. Бұл айыппұл салудың негізгі мақсаты - бұл қаржылық жүктемені арттыру емес, бұл керісінше тұрғындардың арасында су айдындарында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың тиімді жолдарының бірі болып табылады.

Төтеншеліктер өткен 2025 жылы 2 жазатайым оқиға тіркелгенін айтады. Оның ішінде біреуі бала. Орын алған жазатайым оқиғалар шомылуға рұқсат етілмеген орындарда орын алуда дейді. Биылдың өзінде екі жағдай тіркеліпті \ ЧСке есепке алынбайтын фактілер екен бұл екеуі\. Оның бірінде 9 жасар бала нөсер жауын салдарынан су жиналған көлшікке батып қаза тапса, екінші қайғылы жағдай жеке демалыс орындарының бірінде ата-ананың қарауынсыз қалған бүлдіршін бассейнге тұншыққан. Осыны ескерген мамандар  қала орталығында «Қауіпсіз балалық шақ» атты профилактикалық іс-шарасын арнайы өткізді. Тұрғындар көп жағдайда ересектер тарапынан жіберілген салғырттық салдарынан қайғылы жағдайға жол берілетін түсінгендей.

РУСЛАН НАУРЫЗБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Әр уақытта шомылуға барған кезде көпшілікпен барған кезде ата-ана әруақытта өз баласын көзімен қарап, қасында жүргені дұрыс. Әйтпесе көбісі ата-аналар өздері шомылып, кетіп қалады да бала-ашағаны тастап, ол дұрыс емес. Сол үшін ата-ана көз алдында жүргені дұрыс баланың. Және одан кейін шомылуға рұқсат жоқ деген жерде шомылай ақ қойған дұрыс. Ата-ана мән бермей, одан кейін шомылма деген жерге шомылғанның кесіріен қайғылы жағдай көп болады. 

Ал Түркістан облысында жыл басынан бері облыс аумағындағы су айдындарында түрлі себептермен 23 адам қаза болды. Оның ішінде 15-і жасөспірім балалар. Ал өткен 2025 жылы су айдындарында 35 адам қаза тауып, оның 14-і балалар болған. Жүргізілген сапалы алдын алу-профилактикалық жұмыстың нәтижесінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өңірдің су айдындарында суға кеткендердің саны 34 пайызға азайды дейді мамандар. Статистикаға сүйенсек оқыс оқиғалардың 95 пайызы облыстағы жабдықталмаған су айдындарында болады екен. Адам өлімінің негізгі себептері – қауіпсіздік талаптарын сақтамау, балаларды қараусыз қалдыру және белгіленбеген орындарға суға түсу салдарынан орын алған.

АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Айта кетейін, Түркістан облысы аумағында шомылуға арналған  53 орын белгіленген. Белгіленбеген шомылу орындары аз емес. Рейд барысында судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзған 107 жеке тұлғаға  жалпы сомасы 1 619 712,5 теңге айыппұл салыныпты. Оның 38і жас балалардың ата-аналарына салынған. Ал 247 жеке тұлғаға «ескерту» әкімшілік жауапкершілігі қаралды дейді облыс өкілдері.