$480.72 €548.07 ₽6.14
×

Қазақ тілді спорттық бағдарламалау платформасы іске қосылды

AstanaTV
30.06.2026ж. 19:00
Қазақ тілді спорттық бағдарламалау платформасы іске қосылды

Қазақстанда алғаш рет спорттық бағдарламалау бойынша қазақ тілді онлайн платформа іске қосылды. Бұған дейін олимпиадалық бағдарламалауды үйренгісі келген оқушылар ағылшын немесе орыс тіліндегі материалдарға тәуелді болатын. Енді еліміздің кез келген өңіріндегі бала қазақ тілінде алгоритмдер мен бағдарламалаудың негіздерін меңгеріп, халықаралық олимпиадаларға дайындала алады.

Спорттық бағдарламалау - әлемдегі ең сұранысқа ие бағыттардың бірі. Күнделікті өмірде қолданатын ұялы телефондағы қосымшалардан бастап, күрделі жүйелердің барлығы осы кодтар мен алгоритмдік есептерден тұрады. Енді қазақстандық өрендер IT әлемінің бастапқы тәсілдерін арнайы платформада қазақ тілінде тегін үйрене бастады.

ДАНАБЕК ҚАЛИАЖДАРОВ, ҚАЗАҚСТАН СПОРТТЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАУ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:

Талантты, дарынды бола тұра бірақ тіл білмей біздің жарыстарға қатыса алмаса өкінішті болар еді. Сондықтан біз оны болдырмас үшін қазақ тілді материалдарды, қазақ тілді есептерді, ақпараттың санын көбейтуге тырысып жатырмыз.

Жаңа платформаны онға жуық отандық маман бір жыл ішінде әзірлеп шыққан. Мұндағы ақпараттар толықтай қазақ тілінде және түсінікті видео форматта ұсынылған. Барлық тапсырманы орындап, 3 іріктеу кезеңінен сәтті өткен қолданушылар  олимпиадаларға қатысуға жолдама алады.

ОЛЖАС ШОРТАНБАЙҰЛЫ, БАҒДАРЛАМАЛАУШЫ:

Платформада спорттық бағдарламалауды бастаймын дейтін адамдарға өз бастауға көмектесетін оқу материалдары берілген. Оның ішінде кішкене кодтың мысалы болуы мүмкін. Түсіндірмелер болуы мүмкін және өзіміз білетін Қазақстандағы ең мықты спорттық бағдарламалаудың мамандары бізге көмектесіп видео сабақтар түсірген.

Жобаны жасаған білікті мамандардың ішіндегі ең кенжесі – Абдуррошид. Ол 13 жасынан бастап код жазуға қызығып, бүгінде бірнеше беделді олимпиаданың жеңімпазы атанған.

АБДУРРОШИД ЖАҢАБЕРГЕН, СПОРТТЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАУ БОЙЫНША ЖАРЫСТАРДЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

Болашақта googke, Meta сияқты үлкен компанияларға тапсыруға ниетім бар. Себебі бізде олимпиада үлкен жол ашады сондай компанияларға. Әсіресе интервью кезінде бізде дәл осы спорттық бағдарламалаудың есептерін сұрайды.

Федерация өкілдерінің айтуынша, жоба әсіресе ауылдық жерлердегі IT білімге қолжетімділікті арттыруды көздейді. Платформада қазірдің өзінде бейнесабақтар, практикалық тапсырмалар және олимпиадалық дайындық материалдары тегін қолжетімді.