Adv pic
$476.89 €505.27 ₽4.95
×

Тұрсын әже су тасудан шаршады... Ауыз су проблемасы.

AstanaTV
17.02.2018ж. 20:00
2544
Тұрсын әже су тасудан шаршады... Ауыз су проблемасы.

Оңтүстік Африка республикасындағы бірнеше миллион тұрғыны бар Кейптаунда ауыз су тапшы және дағдарыс тереңдеп барады. Қатты үнемдегеннің өзінде жауын маусымы басталғанша, қордағы су таусылуы ықтимал. Алдағы сәуір айында тұрғындардың 75 пайызына су беру тоқтатылуы мүмкін. Қала билігі штаттан тыс жағдайға дайындалып жатыр. Тапшылық канализация жұмысын қиындатады, демек инфекция таралуы мүмкін, соңында суға талас туып, анархия орнауы әп-сәтте, дейді, қаладағы төтенше жағдайлар жөніндегі орталық жетекшісі Грег Пиллэй. Қазір қалада адам басына 50 литр су беріледі. Адамдар жуынған суына кір жуады. Құтыдағы су қымбаттаған, әрі тез сатылып кетеді. Табиғи ресурстар жөніндегі әлемдік институттың есебінше, 2040 жылға қарай су дағдарысына дүниенің ондаған мемлекеті ұшырауы мүмкін./republic.ru сайтынан/  

Иә, ауыз су проблемасы әлем бойынша өте күрделі мәселе. Бірақ бұл біздегі проблеманы жылы жауып қоюға болады деген сөз емес. Керісінше, таза суды қолжетімді етіп, оны үнемдеу жолдарын қарастырмаса болмайды. Шымкент қаласында ауыз сусыз отырған мөлтек аудандар бар. Тіршілігіміздің қандай екені үлкен қалалардан шыққасын анық көрінеді деуші едік, шын мәнінде қаладардан шықпай-ақ байқататын картина жетеді. «Майлы бояу» картиналар. Шымкенттен Айзада Төребекқызының репортажы.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Әр отбасы өз ауласына мынадай бір - бір құдықтан қазып алған. Ауыз суды осыдан тұтынады. Мұнда тіршілік нәрі тереңдігі 14-15 метр жерден шығады екен. Бірақ тұрғындар қыс ауасы осының өзіне зар болып қаламыз дейді. Өйткені міне, көріп тұрғанымдай менің шелегім бос шықты. Жер асты суы мүлдем тартылып қалыпты.

Шымкенттегі Қызылжар  тұрғын алабындағы ахуал осындай. Су іздеп сенделген адамдар.

Ғабит Мәмбетәлиев, Қызылжар тұрғын алабының тұрғыны:

Судың сапасы өте төмен екен. Оны биыл біліп отырмын, үйге фильтр қоймақшы болдым өткенде. Негізі ішетін судың шкаласы ары барғанда 70 болуы керек екен, ал бұл жерде 278 көрсетіп тұр. Бұл деген тіпті ішуге жарамсыз деген сөз. Жаздың күндері білсеңіздер, біздің құдықтардан кәдімгідей құрт шығады.

Қызылжарлықтардың "құтқарушысы" - іргеде ағып жатқан Бадам өзені. Қыстыкүні тіршілік нәрін содан алады. Кір-қоңын жуу үшін лай аралас қоймалжың суды тасып әлек. Күніміз су тасумен өтеді , - дейді келіншектер.

Аруна Айтжанова, Қызылжар тұрғын алабының тұрғыны:

Дәу алюминий бөшкеміз бар, соған құйып тұндырамыз. Тұнғаннан кейін кір жуамыз осы суға. Қаладан  кім қонаққа келеді, сол кісілер келгенде 5 литрлік суымен келетін болды, өтірік айтпай-ақ қояйын енді. Кейде шынымды айтсам, кірімді де қалаға беріп жіберемін. Келген  адамдар келіп машинасына салып, автоматына жуып әкеліп береді.  Енді басқа бізде шанс болмай тұр ғой. Таза суды ана екі-үш үйде ғана бар, сол кісілерден аламыз. Ол үйден тек екі шелек ішкенге, ас-ауқатқа.

Дана Әйтімбет, Қызылжар тұрғын алабының тұрғыны:

Жеті бала-шағам бар. Су жетпейді. Ішетін суды әркімнің үйінен тасып ішеміз.

Қызылжар тұрғын алабы 2015 жылға дейін Сайрам ауданына қараған. Бас жоспарға сәйкес шаһарға қосылған 40 елді-мекеннің бірі. Мұндағы жұрт сол кезде «қалалық» боламыз деп бөркін аспанға атқан.

Әбдіғани Амиров, Қызылжар тұрғын алабының тұрғыны:

Осыдан төрт жыл бұрын ба, бес жыл бұрын ба айтылған ғой, қалаға кірдіңіздер, бас жоспарға кірдіңіздер, Құдай қаласа бір екі жылдың көлемінде ауыз су мәселесі сіздерде толық шешіледі деген. Коммуналдық мәселелер шешіледі  деп ойлағанбыз ғой,.. бірақ сең сол баяғы орнында тұр да, қозғалған жоқ. Біз әлі өзімізді қаланың адамдары деп есептей алмаймыз да...

Ауыз суды құдық пен өзеннен тікелей тұтынудың зардабы да жоқ емес. 38 жастағы Әлия Амангелдиева қолындағы жазылмайтын жараны осы судан көреді. Келіншектің он жылдан бері қаралмаған дәрігері қалмапты.

Әлия Амангелдиева, Қызылжар тұрғын алабының тұрғыны:

Өзім судан көрем. Осы кір жусам, ыдыс-аяқ жусам денеме басады осы жара. Денеме шығып кетеді осындай жаралардың барлығы. Қазір дәрі анау-мынау жаққаннан кейін екі қолымда тұр. Ал былайша денемнің бәріне бүкіл денемнің бәріне шығады.

Феруза Туймухамедова, Қызылжар тұрғын алабының тұрғыны:

Басыма шыққан, құлағымның ішіне шыққан, постоянно обработка істеп жүремін. Обработка істемесем кәдімгі көбейіп кетеді. Бәрі су-су, су деді ғой, құрт бар екен. Сол құрт ішімізге барады екен. Содан кейін бәрі сыртқа тастайды екен сондай. Бір менде емес, ауылда бес алты балада бар, әйелдерде бар. Бірақ ұялады бәрі айтуға. 

- Мынау ағып тұрғаны шылжырап, жаздың күні бұл жоқ мына су, таппаймыз біз. Осы су үшін азанғы алтыға дейін жүреміз, қырылысамыз бүкіл осы жердегі көршілер болып...

Ал бұл Ынтымақ-2 шағын ауданындағы жағдай. Отыз шақты отбасы бір су ағарға телміріп отыр. Мұның өзі жекенің меншігі. Жағдайы келген бір отбасы өз ақшасына  бірнеше шақырымнан тартқызып алыпты. Өзгенің күніне сол жарап тұр. Жаңа шағын ауданда бүгінде үш мыңға жуық халық тұрады. Мұнда арнайы көліктермен су тегін жеткізіледі екен. Бірақ барлығына емес.

- Судың қорлығынан мынау үй де бітпей тұр, жасым 70-ке келгенде су тасып, су жетпей, судың қорлығы деген ...

Қолын жылы суға малып отыратын жастағы Тұрсын Оспанованың күні де су тасумен өтіп жатыр. Әжей осыған қынжылады. Бес жыл бұрын жер алып, баспананың құрылысын бастаған екен. Тіршілік көзін күте-күте төзімі таусылуға шақ.  Бұл ауданда электр жарығы, көгілдір отын да жоқ. Қария көмір жағып, күл шығару да оңай емес, алайда азаптың азабы су тасу, деді.

Тұрсын Оспанова, Ынтымақ-2 шағын ауданының тұрғыны:

Тапшылығы соншалықты немереме де қол жете алмай жатырмын. Су жетпейді. Ішуге зорға көріп отырсыңдар, су деген тапшы. Баяғы уақытта болып еді, 21-ғасырда, мына заманда білмеймін, түсінбеймін әкімшіліктерге. Осыншалықты халықты қинап қойғанына.

Шағын аудан халқының жағдайынан шенділер хабарсыз емес-ті. Уәжі бұл аумақтарда жер асты су көзі жоқ. Осы себепті Шымкенттегі Солтүстік-саяжай, Батыс сынды тағы бірнеше шағын ауданда ауыз су мәселесі шешілмей тұр дейді. 

Нұрлан Жаманкөз, Шымкент қаласы ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары: 

Ынтымақ-2, Жиделі, Батыс, Солтүстік-саяжай елді мекендері ауыз су жүйемен қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі таңда магистральдық су құбырының құрылысы басталды. Былтыр 2017 жылы бастапқы қаржы бөлінген. Биыл 2018 жылы толық қаржысы бөлініп, республикалық бюджеттен 2018 жылы магистральдық су құбырын аяқтап, пайдалануға тапсырылатын болады.

Бас жоспарға сәйкес қалаға Қызылжармен бірге қосылған Жаңаталап, Көкбұлақ, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы және Игілік тұрғын алаптарында да осындай ахуал. Коммуналдық салаға жауаптылар қазір жобалық сметалық құжаттар әзірленіп жатқанын айтады. Әзірге бәрі қағаз жүзінде. Іске асатын уақытын 2020 жылға қарай деп отыр. Яғни Әлия қолындағы жарадан, ал Тұрсын әже азаптан жақында құтылмайды. 

Айзада Төребекқызы, Серік Талас  «Біздің уақыт».