$510.08 €539.61 ₽5.15
×

Өзін өзі жұмыспен қамтимын деген азаматтарға қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

AstanaTV
16.02.2018ж. 20:00
4003
Өзін өзі жұмыспен қамтимын деген азаматтарға қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

Екінші деңгейлі банктер бизнесті қолдауға құлықсыз. Қызылжар өңіріндегі кәсіп иелері осылай дейді. Облыста нәтижелі жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына  қызығушылық жоғары. Былтыр 110 адам өз ісін дөңгелетуге ниет білдірген. Жобалардың жалпы құны 830 миллион теңге. Алайда қаржы институттарының салғырттығы көп мәселеге қолбайлау. Жалпы өзін өзі жұмыспен қамтимын деген азаматтарға қандай қолдау көрсетіліп жатыр? Мәселені аймақтардағы тілшілеріміз зерттеді. Алдымен петропавлдық әріптесім Абзал Құрманкин сөз алады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы және жолаушы тасымалдау саласына тиесілі. Әзірге екі жоба ғана банктердің көңілінен шыққан. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарын жеңілдетілген несиемен қамтуға ел қазынасынан 300 миллион теңге бөлінген. Бірақ банктер оның тек жартысын ғана игерді.

Айжан Ілиясова, Петропавл қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры:

Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына 4 банк қатысты. Барлығы 14 жоба қаржыландырылды. Бірақ, екеуі ғана жұмыспен қамту орталығының атына жолданды. Банк талаптары өте қатал. Несие рәсімдеуге көп уақыт кетеді. Осының кесірінен көбіне азаматтар  өз ісін ашудан айнып қалады.

Шенеуніктер банктердің мал шаруашылығын дамыту жобаларына қырын қарайтынын айтады. Өзге кәсіппен айналысамын деушілер көп жағдайда кепілзат пен несие тарихы талабының үдесінен шыға алмай жатады. Солардың бірі Әсемгүл Ақпантаева. Қолөнер бұйымдарын сататын кәсіпкер ісін ұлғайтуды көздеген. Алайда, жеке мүлкі болмағандықтан, бизнесі қарқын алып кете алмады.

Әсемгүл Ақпантаева, жеке кәсіпкер:

Банк несие бермейді. Кепілзатқа қойылатын мүлік өз алдына. Біз секілді жеке кәсіпкерлерге қарапайым тұтынушылық кредиттің өзін әрең береді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Қызылжарлық іскерлер банктердің жеке кәсіпкерлерге арналған несиелік саясатын реформалауды сұрап отыр. Петропавлда жұмысқа қабілетті 113 мыңдай адам болса, оның 16 пайызы өзін өзі жұмыспен қамтып отыр.  Бұл мәселе өзге аймақтарда қалай шешіліп жатыр? Павлодарлық әріптесім айтуға дайын. Әсемгүл, сөз өзіңізде.

Әсемгүл Мұхитқызы:

Иә, Абзал, Павлодар облысында 327 мыңдай адам жалдамалы жұмысшы ретінде еңбек етеді. Бұл жұмысқа жарамды қауымның 83 пайызы.

Келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер тек табыс салығын төлейді. Мемлекеттік кіріс басқармасы өкілдерінің айтуынша, жалақының 10 пайызы  ұсталады.

Арман Уәлиев, Павлодар қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары: 

Егер салық төлеушінің бір жылдық кірісі ең төменгі еңбекақының 12 есе көрсеткішінен асып түссе, бұл шамамен 334 мың теңге, онда салық төлеуші жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті.  

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Өзін-өзі еңбекпен қамтығандардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі - құрметті демалысқа шыққанда зейнетақы жинағының болуын қамтамасыз етеді. Ал осы мәселе Алматыда қалай шешіліп жатыр? Әріптесім айтуға дайын. Олжас, сөз сөзіңде.

Олжас Нұржақып, тілші:

Иә, Әсемгүл, Алматыда да жалдамалы жұмысшылар тобына жататын адамдар аз емес. Ресми мәліметке сүйенсек, зейнетақы жарнасы жоқ азаматтардың саны 110 мыңнан асады. Оларға такси жүргізушілері, дәнекерлеушілер, саудагерлер мен сақтандырушылар, тағы да басқа санаттағылар жатқызылған.

Актуриан Ким бірнеше жылдан бері саудамен айналысады. "Өзіме жұмыс істеймін, жалақыға қарап отырмаймын, оның үстіне біраз жасқа келгенде мені жұмысқа да ешкім алмайды", - деді.

Актуриан Ким, Алматы тұрғыны:

Күнделікті тапқан табысым нан мен шайға, балаларыма көмектесуге жетеді. Әрине, саудада бір күні затың жақсы өтсе, ертесіне керісінше болады. Есесіне, бастығың жоқ. Өз өзіңе қожайынсың.

Қалалық жұмыспен қамту орталығы мұндай санаттағы адамдардың тіркелуін қадағалауды қолға алған. Үй аралап ресми кірісі жоқ азаматтарды анықтайды, оларды тұрақты жұмыс істеуге тартады.

Алтын Жүкенова, Алматы қалалық «Жұмыспен қамту орталығы» КММ бөлм басшысы:

Дипломы жоқ азаматтарға қоғамдық, әлеуметтік жұмыстар ұсынылады. Қайта оқытып мамандық алуына да мүмкіндік қарастырылған. Биыл 32 мың адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр. 

Олжас Нұржақып, тілші:

Жұмыспен қамту орталығында мамандық алған жұмыссыз жастарға да бірқатар жобалар қарастырылған. Яғни мемлекеттік бағдарлама бойынша білімін жетілдіру, біліктілігін арттыру дегендей. Осы арқылы қажетті қызметке орналастырмақ. Ал, білімі жоқ азаматтарды айына 56 мың теңге төленетін уақытша қоғамдық жұмыстарға тартуға болатын көрінеді. 

Олжас НҰРЖАҚЫП, Абзал ҚҰРМАНКИН,  Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ