$472.03 €540.29 ₽6.11
×

Ертіс жағасында жоғалып кеткен бойжеткен дронның көмегімен табылды

Ертіс жағасында жоғалып кеткен бойжеткен дронның көмегімен табылды
Фото: istockphoto.com

Павлодар облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері заманауи технологияның көмегімен жоғалған қызды аман-есен тапты. Ертіс өзенінің жағалауында түнде демалыста жүріп, таңертең адасып кеткен бойжеткенді іздеуге арнайы дрон жұмылдырылды.

Мекеменің мәліметінше, қыздың жоғалып кеткені туралы хабарлама «112» пультіне түскі уақытта түскен. Шағымданушының айтуынша, бір топ жастар өткен түнде Павлодарское ауылының маңындағы қайық станциясы аумағында қонып, демалған. Ал таңертең бірге келген құрбыларының бірін таппай қалған. Жастардың өздігінен іздеу әрекеттерінен еш нәтиже шықпаған соң, олар құтқарушылардың көмегіне жүгінген.

Аумақты қысқа мерзімде барлап шығу үшін құтқарушылар дауыс зорайтқышпен жабдықталған пилотсыз ұшу аппаратын әуеге көтерді.

«Құтқарушылар дрон арқылы жоғалған қызға бірнеше рет дауыстап үндеу жолдады. Әуеден шыққан дауысты естіген 2003 жылғы бойжеткен бірден дыбыс бағытына қарай жүріп, іздеу тобына қарсы шыққан. Бұл оның жүрген жерін өте жылдам анықтауға мүмкіндік берді», — деп хабарлады ТЖМ өкілдері.

Сәтті аяқталған іздеу операциясынан кейін аман қалған бойжеткен заңды рәсімдерді орындау үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Оған ешқандай медициналық көмек қажет болған жоқ, денсаулығы жақсы.

Төтенше жағдайлар министрлігі табиғат аясында демалушыларға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды тағы да ескертеді.