$467.41 €533.88 ₽6.14
×

Ата-аналар назарына: 17 жасқа дейінгі қыздарға АПВ екпесі тегін салынады

Ата-аналар назарына: 17 жасқа дейінгі қыздарға АПВ екпесі тегін салынады
Фото: H-Clinic

Қазақстанда 265 мыңнан астам қыз бала папилломасы вирусына қарсы вакцина алды.

Қазақстанда адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау мемлекет есебінен тегін жүргізіледі. Бұл туралы Алматы онкология орталығының онкогинекологы Асқар Есқожаұлы Айдаров мәлімдеді.

Маманның айтуынша вакцинациялау 11 жастағы қыз балаларға жүргізіледі, ал екпе уақытында салынбаған жағдайда оны 17 жасқа дейін қоса алғанда алуға болады. Вакцина жатыр мойны обырының және бірқатар басқа да онкологиялық аурулардың негізгі себебі болып табылатын АПВ-ның ең қауіпті түрлерінен қорғайды.

Уақтылы жүргізілген вакцинациялау вируске тап болғанға дейін иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік береді және аурудың даму қаупін едәуір төмендетеді. АПВ-ға қарсы тегін вакцинациялау – бүгінгі таңда қыз балалардың денсаулығын сақтап, болашақта жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған маңызды мемлекеттік кепілдік, – деді маман.

Бүгінгі таңда 11–13 жас аралығындағы 265,2 мыңнан астам қыз бала вакцинаның бірінші дозасын алды, ал 175,1 мыңы екінші дозаны қабылдап, вакцинациялау курсын толық аяқтады.

2026 жылдың басынан бері: бірінші дозамен 51,4 мың қыз бала егілді; екінші дозамен 49,6 мың қыз бала егілді.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша 2026 жылғы 13 мамырдан бастап 14–17 жас аралығындағы қыз балаларды ерікті түрде вакцинациялау жүргізілуде. Осы кезеңде вакцинаның бірінші дозасын 32,2 мыңға жуық жасөспірім алды.

Вакцина алғандардың арасында вакцинадан кейінгі қолайсыз көріністер тіркелмегенін айта кеткен жөн.