$467.41 €533.88 ₽6.14
×

Павлодар облысында 7 млн алимент қарызы бар борышкер анықталды

Павлодар облысында 7 млн алимент қарызы бар борышкер анықталды
Фото: istockphoto.com

«Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Павлодар облысында полицейлер борышкерлерді іздестіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.

Олардың қатарында әкімшілік жауапкершілікке қарамастан, жылдар бойы өз балаларына алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтар да бар. Осындай алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлердің бірі өзінің кәмелетке толмаған екі баласына шамамен 7 млн теңге қарыз болып шықты. Ұзақ уақыт бойы сот орындаушыларынан жасырынып жүргендіктен, соңғылары полициядан көмек сұрауға мәжбүр болды.

– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында көші-қон қызметінің қызметкерлері борышкердің жүрген жерін анықтады. Ол Павлодар қаласындағы Теміржол көшесінде орналасқан пәтерлердің бірінде жасырынған. Барлық материалдар өндіріп алу жұмыстарын жалғастыру үшін сот орындаушыларына берілді. Сот актісін орындамағаны үшін азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, Павлодар қаласының арнайы қабылдау орнына қамалды. Жыл басынан бері іздеуде жүрген алимент төлемейтін 104 борышкердің жүрген жері анықталды, – деді Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Малик Оңғарбаев.

Полиция алимент төлеуден жалтарғаны үшін жауапкершілік қатаң екенін еске салады. Мұндай құқық бұзушылық әкімшілік қамаудан бастап қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін. Заң баланың құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Сондықтан ата-аналық міндетті өз еркімен әрі уақытылы орындау – әрбір ата-ананың парызы. Бұл тек қаржыны ғана емес, бостандықты да сақтауға мүмкіндік береді.