$467.41 €533.88 ₽6.14
×

Мемлекеттік айыптаушы Сәрсемалиевті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады

Мемлекеттік айыптаушы Сәрсемалиевті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады

Атырауда қайын жұртын асқан қатыгездікпен қырып тастады деп күдікке ілінген  Сұлтан Сәрсемалиевті мемлекеттік айыптаушы өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Мұны жәбірленуші тарап та қолдады. Түске дейінгі жарыссөз кезінде Сәрсемалиевтің өзі бұл жазамен келісетінін айтқан еді. Алайда соңғы сөзінде көзіне жас алып,  бес баласы үшін мерзімді жаза кесуді сұрады.

Елдің үрейін ұшырып, бір шаңырақтың отын өшірген Жанкелдин оқиғасына нүкте қоятын кез таяу. Жарыссөз барысында барлық тарапқа сөз берілді. Судья Зарема Хамидуллина ешқайсысының сөзін бөлмей тыңдады. Тұтас әулеттің тағдырына балта шауып,  қоғам жүрегіне ауыр жара салған бұл қылмыс - эмоцияның жетегіндегі әрекет емес, жоспарлы қылмыс,- деген мемлекеттік айыптаушы Сұлтан Сәрсемалиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

МИРАС БАУЫРЖАНОВ, МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ:

Сот жаза тағайындау кезінде сотталушы жасаған қылмыстардың ерекше ауырлығын,  қасақана жасалғанын,  бір отбасының төрт мүшесінің өмірін  қиғанын, қылмыстың ізін жасыруға бағытталған  кейінгі әрекеттерін, жәбірленушілердің мүлкін заңсыз  иемденгенін, сондай-ақ қоғамға келтірген ерекше ауыр зардабын  толық ескеру қажет деп есептеймін. Бұл эмоцияның жетегінде жасалған бір реттік әрекет емес, саналы түрде жүзеге асырылған бірізді қылмыстық жоспар. 

Мұны жәбірленуші тараптың туыстары мен  олардың адвокаты  да қолдап, бұрынғы күйеу баланың әрекеті ақтауға да, кешіруге де келмейтінін айтып, әділ жаза тағайындалса,- деді. Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әдемі Шылмағамбетова  сөз алған кезде  Сұлтан Сәрсемалиев тоқтаусыз күліп отырды. Судьядан ескерту алған соң ғана басылды. 

Сотталушының адвокаты   болса Сұлтан Сәрсемалиевтің  ұзақ уақыт бойы жиналған ашу –ызадан туған аффект белгісі деп қарауды сұрады.

АСАН ЖҰМАБАЕВ, СОТТАЛУШЫНЫҢ АДВОКАТЫ:

Жаза кек алу емес, түзету құралы.  Сотталушы Сәрсемалиев 30 жаста,Егер мемлекеттік айыптаушы сұрап отырған  өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса,  онң түзелу мүмкіндігі толық жойылатыны анық. Сондықтан ҚР ҚК 53-бабына сай, Қылмыстық жауаптылықпен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде Сәрсемалиев Сұлтан Самиғоллаұлына ҚР азаматы, отбасы асыраушысы екенін ескеріп, асырауында зейнеткер жасындағы ата-анасы,  кәмелетке толмаған 5 жас балалары бар, құрметті сот сізден көзделген жаза бойыншағ  өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын  қолданбауды сұраймын.

Жарыссөз барысында  өзін еркін ұстаған Сәрсемалиев әу бастағы  пікірінен қайтпады: марқұмдарды жазықсыз өлтірмедім,- деген жауаптан танбады.  Сондықтан  қандай жаза тағайындалса да, келісетінін айтты. Бірақ түстен соң соңғы сөз барысында көзіне жас алып,  судьядан мерзімді жаза беруді сұрады.

СҰЛТАН СӘРСЕМАЛИЕВ, СОТТАЛУШЫ:

Мен жеке тұлғамын, кек қуып кеттім, қателестім. Бірақ мемлекет ізгілік, мейірімділік қағидасы болса,  екінші бір мүмкіндік берсе, мүмкін, құрметті Сот сұраудың өзі орынсыз  шығар, бірақ шекті мерзімге жаза тағайындауды  сұраймын. Өзім үшін емес, ата-анамды көрмеспін енді, бала-шағам үшін сұраймын.  Құрметтт сот, бірақ қандай жаза тағайындасаңыз да  разымын.

Сәрсемалиев судьядан  қылмыстың салдарынан бөлек, себебін де саралауды сұрады. Тараптарды тыңдаған судья кеңесу бөлмесіне кетті. Ел-халықтың зәресін алған аса ауыр санаттағы қылмыстық іске келесі аптада нүкте қойылады.