Түркістан облысында «Сыбаға» бағдарламасы аясында берілген жеңілдетілген несиелер мен субсидияларды жымқырғаны үшін 27 адам сотталды. Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ 2,9 млрд теңге көлеміндегі жеңілдетілген несиені және 508 млн теңге субсидияны заңсыз иемденген. Трансұлттық қылмыстық топты басқарған күдікті Польшадан экстрадицияланды. Алаяқтық схемасын жүзеге асыру үшін күдіктілер Кентау қаласында несие серіктестігін құрып, жалған құжаттарды пайдаланған. Олардың қатарында іс жүзінде болмаған компания атынан жасалған жалған мүлікті бағалау актілері де болған.
БЕРІК ҚҰРАМЫСОВ, КЕНТАУ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
ҚР ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 190-бабы 4-бөлігінің 2 тармағымен, ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2 тармағымен кінәлі деп танылсын. Оған ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 190-бабы 4-бөлігі 2 тармағымен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2 тармағымен 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.
Айта кетейік, іс бойынша Аграрлық несие корпорациясы акционерлік қоғамы және Түркістан облысының ауыл шаруашылық басқармасы сотталғандарға келтірілген материалдық зиянды өндіру туралы азаматтық талап қойған. Сот олардың талабын қанағаттандырды. Залал мөлшерін азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жолдады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.