Қазақстанда автомобиль жолдарын дамыту тек көлік инфрақұрылымын жаңғыртумен ғана шектелмейді. Бұл бағытта қоршаған ортаны қорғау, табиғи тепе-теңдікті сақтау және жол бойындағы аумақтарды абаттандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы орайда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын көгалдандыру, абаттандыру және олардың тазалығын қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігі.
Бүгінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 25 мың шақырымды құрайды. Оның шамамен 6,3 мың шақырымы немесе 17 мың гектардан астам аумағы жасыл желекпен көмкерілген. Жыл сайын бұл аумақтарда ағаштарды суару, қураған ағаштарды санитарлық кесу, гүлзарларды күтіп-баптау, артық өскіндерді тазарту, өрттің алдын алу мақсатындағы минералдандырылған жолақтар жасау және жасыл желектерді қорғау шаралары тұрақты түрде атқарылады.
Биыл «Таза Қазақстан» акциясы аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына, демалыс алаңдары мен жол пайдалану бөлімшелерінің аумақтарына өңірлердің табиғи-климаттық жағдайына бейімделген түрлі ағаш көшеттері отырғызылды. Жалпы саны 3 мыңға жуық көшет егілді. Олардың қатарында қарағаш, қарағай, қайың, үйеңкі, шаған, мойыл және мамығы жоқ терек бар.
Автомобиль жолдарының санитарлық тазалығын сақтау да тұрақты назардағы жұмыстардың бірі. Жол жиектері, еңістер, жол жолағы, демалыс алаңдары мен автобус аялдамалары тұрмыстық қалдықтардан, ескі автокөлік шиналарынан және басқа да қоқыстардан жүйелі түрде тазартылып келеді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында жол бойындағы жалпы аумағы шамамен 312 миллион шаршы метр жер тазартылды. Бұл жұмыстар күн сайын жүргізіліп, автомобиль жолдарын күтіп-ұстаудың маңызды бөлігі ретінде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жол пайдаланушылары үшін қолайлы жағдай жасауға және жол бойындағы аумақтың экологиялық ахуалын сақтауға бағытталған.