Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы Қарауылкелді ауылында қатты желден биіктігі 47 метрлік байланыс мұнарасы дүкеннің үстіне құлады. Оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы мен кинологиялық топ шұғыл жіберілген. Құтқару жұмыстары барысында дүкен ішінен алты адам эвакуацияланды. Оның үшеуі бала. Үш адам зардап шекті. Арасында жүкті әйел бар. Ол санавиациямен шұғал қалаға жеткізілді. Қалған екі адамның жағдай қанағаттанарлық. «Қазгидрометтің» мәліметінше, дауыл кезінде желдің жылдамдығы секундына 20 метрден асқан. Қазіргі уақытта 1975 жылы салынған байланыс мұнарасының не себепті құлағаны анықталып жатыр. Оның техникалық жай-күйі мен бекітпе конструкцияларының талапқа сәйкестігін арнайы сарапшылар тексеруде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталғаннан кейін тиісті қорытынды шығарылады.
ҚАЙРАТ АМАНШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ:
Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылында қатты желдің салдарынан темір байланыс мұнарасы құлап сол жерде Ақтөбе облысы ТЖД күштері мен құралдары жедел құтқару жасағының құтқарушылары және кинологиялық тобы дереу жіберіліп жетті. Авариялық құтқару жұмыстарын өткізу барысында, 6 адам оның ішінде үш бала құтқарылып, қауіпсіз жерге шығарылып, медициналықкөмек көрсету бригадасына тапсырылды.