Елордада бір күн ішінде қоғамдық тәртіпті бірнеше рет бұзған 47 жастағы ер адам ұсталды. Ол мас күйінде автобуста жолаушы әйелмен жанжалдасып, балағат сөздер айтқан. Кейін аялдамада тағы бір әйелге тіл тигізіп, артынша велосипедшімен жанжалдасып, оның велосипедін лақтырып жіберген. Үш бірдей азаматтың шағымынан кейін полиция құқық бұзушыны ұстады. Оған ұсақ бұзақылық жасағаны және қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.
ДАМИР ӘМРЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Құқық бұзушы ұсталып, оған қатысты әкімшілік материалдар рәсімделді. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Полиция қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін заңда жауапкершілік көзделгенін ескертеді.