$468.88 €534.1 ₽6.04
×

Елде ауа температурасы 39 градусқа дейін көтерілмек

Елде ауа температурасы 39 градусқа дейін көтерілмек

Астанада 85 жыл болмаған аптап ыстық тіркелді. Ауа температурасы бүгін +36 градусқа  жетті. Аптап ыстықтың беті қайтар емес. Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері бірқатар өңірде ауа температурасы тағы көтерілмек. Шіліңгір шілдеде жұрт қалай жан бағуда?  Өңірлердегі ахуалды әріптестеріміз жеткізеді.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Иә, қазір кешкі уақыт болса да, әлі күн жанып тұр Термометр көрсеткіші +36. 45 емес кой деуіңіз мүмкін, бірақ, Астананың аптабы ерекше. Мамандар  елордада 1941 жылғы рекордтың жаңарғанын айтады.  Мұндай ыстықты көрмеген астаналықтар   су айдындарын жағалап жүр. Шомылып, салқындағысы келгендер жағажайға лық толы.   

БЛИЦ:

- Негізі биыл қатты ыстық болып тұрған секілді, жылдағыдан қарағанда. Жағажайда жүрміз, тоқтамай келіп жатырмыз ғой.

- Астананы көбі суық қала деп ойлайды ғой, жазы өте ыстық екен.

- Судан шықпай жатырмыз, иә, күн ыстық, тіпті, қатты ыстық.

«Қазгидромет» мәліметінше, ертең Астанада ауа температурасы  +39 градусқа дейін көтеріледі. Көпжылдық бақылау деректеріне сәйкес, осы күнге тіркелген абсолютті ең жоғары температура +35,3 градус болған. Бұл көрсеткіш 1992 жылы тіркелген.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Шіліңгір шілденің күні шекеден өтеді. Синоптиктер алдағы күндері бірқатар өңірде ауа температурасы +45 ке дейін жетеді деп ескертті.  Оның қатарында Павлодар да бар, аймақтағы әріптесім Өзгеріс Қуанар  жұрттың ыстықтан  қалай қорғанып жатқанын өзі айтады.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Шілденің шіліңгір ыстығы павлодарлықтарды да әбден әбігерге салды. Ыстықтан пана іздегендер Ертіс өзеніне ағылып жатыр.  Соның кесірінен қайғылы оқиғалар да жиілеп кетті.  

Жазғы маусым басталғалы 6 адам суға батып, көз жұмды. Оның екеуі -бала. Қайғылы оқиға  судағы қауіпсіздік ережесін сақтамаудан болған. Сол себепті құзырлы органдар күшейтілген режимге көшіп, су айдындарында күн сайын кезекшілік ұйымдастыруда.

САМАТ ҚАБДЫЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Шомылу маусымы басталғалы бері 150-ден астам рейд  жасалды. 18 мың адамға судағы қауіпсіздік ережесі түсіндірілді. Суға шомылу талаптарын сақтамаған 126 адамға айыппұл салынды. Көпшілігі белгіленбеген орындарға шомылған. Одан бөлек суға мас күйінде түскендер мен балаларын қараусыз су жағалауларына жіберген ата-аналар бар. 

Аптап ыстықтан жедел жәрдем көмегіне жүгінетін науқастар саны күрт көбейді. Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, шақырту 30 пайызға артқан. Күніне 800-ден астам шақырту түседі.

ИРИНА МИЩЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Егер созылмалы ауруы бар адам болса, ыстық күннің астына шықпауы керек. Өйткені, қатты  ыстықтан қан қысым көтеріліп, ауруды одан әрі асқындырып жіберуі мүмкін. Әрдайым өзіңізбен бірге дәрі-дәрмегіңізді алып жүруді ұмытпау керек. Сол себепті тұрғындарды қатты ыстақтан сақ болуға шақырамыз.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Синоптиктер осы аптада ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін - деп болжап отыр. Сол себепті тұрғындарға алыс жолға шықпауды, суға шомылу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау керектігін ескертеді. Әрі қарай оңтүстіктегі әріптесім Айзада Төребекқызы жалғастырады.

АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Күнгейде соңғы аптада күн күйіп тұр. Ауа температурасы шілде түскелі  шымқалада 40 -43 градусқа дейін көтерілді. Тек кешелі бері ғана сәл жел бар. Ал Түркістан қаласында бүгін термотометр көрсеткіші 43-44 градусты көрсетті. 

Қатты ыстықтан қорғанудың бір амалы -суға түсу.  Мегаполис тұрғындары мен қонақтары Қошқарата өзеніне шомылып, салқындап жатыр. Жаз шыға бұл жерден адам  үзілмейді. Бүгін де жанға сая іздегендердің қарасы қалың. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін осы жерде. Барлығы рахаттанып шомылып жүр. Мұнда қала ғана емес, тіпті аудандардан, көрші облысқа арнайы келіп түсетіндер бар.

БЛИЦ:

- Ыстық боп жатыр ғой. Үйдің іші тегі ыстық, этаж тамда тұрамыз біз. Содан осы жерге келсек сәл салқындап, рахаттанып қаламыз. Ыстықтан қашып кеп жатырмыз.

- Енді қатты ыстық боп жатыр ғой өзі бірәз күннен бері. Үйде кондердыі астында жатырмыз. Одан гөрі осы жаққа келу керек екен. Керемет жерлер.

- Шымкенттің ыстығы сұмдық ыстық боп жатыр. Қошқаратаға кеп шомылып, қорғанып жатырмыз. Мұздай су. Ем су, бәрі жақсы. Басқа қалай төтеп беріп жатырсыздар? –Былайша ыстық қой, шыдау мүмкін емес. Биыл ыстық боп жатыр. +50 градус па сондай ыстық боп жатыр. Негізі телевизордан +46 деп еді, қаяқтан, 50 боп жатыр ғой. Сөйтіп шомылып сөйтіп қорғанып жатырмыз.

АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Мамандар 16-17 шілде күндері тіпті ыстық болады деп  ескертті.  Ауа температурасы бейсенбі мен жұма күндері  41-46  градусқа дейін көтерілмек. Сонан кейін ғана сәл  түседі деп болжап отыр.