$468.88 €534.1 ₽6.04
×

Түркияда қаза тапқан Қазақстан азаматын АҚШ-тағы атақты киллер тапсырыспен өлтірген

15.07.2026ж. 11:51
Түркияда қаза тапқан Қазақстан азаматын АҚШ-тағы атақты киллер тапсырыспен өлтірген
фото: ІІМ

Қазақстан, Түркия және Грузияның құқық қорғау органдары үш елдің аумағында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатуға бағытталған халықаралық арнайы операция жүргізді.

ҚР ІІМ мәліметінше, арнайы операция Қазақстан Ішкі істер министрі бастаған делегациялардың Грузия, Түркия және Әзербайжанға жасаған жұмыс сапарларынан кейін құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықтың күшеюі нәтижесінде жүзеге асқан.

Өткен жылы Ыстамбұлда Қазақстан азаматы Исмаилов тапаншадан атылған оқтан қаза тапқан болатын. Үш елдің полициясының бірлескен жұмысының нәтижесінде аталған қылмысқа қатысы бар екі адам ұсталып, тергеу барысында кісі өлтіруді ұйымдастырушы мен тапсырыс беруші анықталды. Олар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері және халықаралық іздеуде болған.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі Түркия және Грузиядағы әріптестерімен өзара іс-қимыл аясында үш мемлекеттің аумағында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстау бойынша кезең-кезеңімен арнайы операция жүргізді. Алматы қаласында аталған қылмыстық құрылымның мүшелері ұсталды. Оларға қару қолдану арқылы жасалған бірнеше шабуылға қатысы бар деген айып тағылып отыр, – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Тергеу барысында алынған мәліметтер Қазақстан аумағында осы қылмыстық топтың жасаған өзге де ауыр қылмыстарын ашуға мүмкіндік берген. Атап айтқанда, Алматыда 2025 жылғы тамызда қала тұрғынын өлтіруге оқталған ұйымдасқан қылмыстық топтың киллерлерінің бірі ұсталып, одан қылмыс құралы – тапанша тәркіленді. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданған.

ІІМ мәліметінше, қылмыстық топ диаспора өкілдерінің бизнесіне ықпал ету мақсатында қылмыстық идеология элементтерін пайдаланған. Сонымен қатар Грузия аумағында да трансұлттық қылмыстық құрылымдармен байланысы бар және бірнеше ауыр қылмысқа қатысы бар күдіктілер ұсталды.

Қазіргі уақытта белгілі болған барлық қылмыстық фактілер бойынша дәлелдемелерді жинау жалғасуда, қылмысқа қатысы бар өзге де күдіктілер анықталуда. Топтың ұйымдастырушысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді Қуандық Алпыс.

ІІМ мәліметінше, арнайы операцияның нәтижесінде шетелден басқарылған қылмыстық ықпал ету арналарының жолы кесіліп, елімізде өзге де ауыр қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік туған.