$469.71 €536.17 ₽6.01
×

69 бала суға кетті: ІІМ ата-аналарға маңызды үндеу жасады

16.07.2026ж. 11:40
69 бала суға кетті: ІІМ ата-аналарға маңызды үндеу жасады

Ішкі істер министрлігі ата-аналарды су айдындарында демалу кезінде балаларды қатаң бақылауда ұстауға шақырады. Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері елімізде шомылу орындарында (бассейн, өзен, көл) 69 бала қаза тапқан.

- Құрметті ата-аналар! Ішкі істер министрлігі балалардың судағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Жыл басынан бері елімізде шомылу орындарында (бассейн, өзен, көл) 69 бала суға батып, көз жұмды. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға рұқсат етілмеген және арнайы жабдықталмаған жерлерде тіркелді. Қауіпсіздік мақсатында тек арнайы жабдықталған жағажайда шомылыңыздар, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар, оларға бейтаныс жерлерде шомылудың қауіпті екенін түсіндіріңіздер, аптап ыстықтан кейін, бірден суық суға түспеңіздер. Тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз. Жыл басынан бері осы құқық бұзушылық үшін 2700-ден астам азамат жауапкершілікке тартылды. Құрметті ата-аналар, балалардың қауіпсіздігі ең алдымен өз жауапкершіліктеріңізде екенін ұмытпаңыздар! - деді ІІМ профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов.