$469.83 €536.83 ₽5.97
×

Қазақстанда eGov порталы мен цифрлық мемлекеттік қызметтер уақытша жұмыс істемейді

Қазақстанда eGov порталы мен цифрлық мемлекеттік қызметтер уақытша жұмыс істемейді
Фото: istockphoto.com

Жоспарлы техникалық жұмыстар 19 шілде күні түнгі сағат 02:00-ден таңғы 08:00-ге дейін жүргізіледі

Қазақстанда 19 шілдеге қараған түні eGov.kz порталы, eGov Mobile мобильді қосымшасы және өзге де мемлекеттік электронды сервистердің жұмысы уақытша шектеледі.

Жоспарлы техникалық жұмыстар 19 шілде күні түнгі сағат 02:00-ден таңғы 08:00-ге дейін жүргізіледі. Компания өкілдерінің түсіндіруінше, бұл уақыт пайдаланушылар белсенділігінің ең төменгі деңгейін ескере отырып таңдалған. Бұл азаматтарға келетін қолайсыздықтарды барынша азайтуға мүмкіндік бермек.

Техникалық жұмыстарға байланысты алты сағат бойы бірқатар мемлекеттік цифрлық сервистердің жұмысы уақытша тоқтатылады. Атап айтқанда, eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасы (соның ішінде «Цифрлық құжаттар» сервисі), e-Otinish және E-license порталдары, Ашық үкімет жүйелері, Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығының (ҚР ҰКО) сервистері, «ҰАТ» АҚ сүйемелдейтін өзге де жобалар, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларындағы және электрондық үкімет шлюзіне қосылған басқа жүйелер арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер уақытша қолжетімсіз болады.

ҰАТ мамандары пайдаланушыларға барлық қажетті электронды операцияларды алдын ала аяқтауды, сондай-ақ осы уақыт аралығында қажет болып қалуы мүмкін құжаттардың түпнұсқасын өзімен бірге алып жүруді ұсынады. Компания бұл жаңартулар мемлекеттік цифрлық экожүйенің алдағы уақытта тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жасалып жатқанын атап өтті.