$470.28 €537.53 ₽5.99
×

Алматы облысында перзентханада үшем шетінеді

AstanaTV
20.07.2026ж. 19:00
Алматы облысында перзентханада үшем шетінеді

Алматы облысында үшем шетінеді. Оған туыстары ақхалаттыларды кінәлап отыр. Айтуларынша, кесарь тілігі жасалуы тиіс болған ана табиғи жолмен босанған. Соның салдарынан үш нәрестенің екеуі дүниеге келген бойда шетінеп кеткен. Ал үшінші сәбидің көз жұмғаны кеш хабарланған. Тіпті, туыстары қазір сәбидің денесі нақты қайда екенін де білмейміз дейді. Тақырыпты әріптесім Ғазиза Әмірбек жалғастырады.

29 жастағы Айдана Оразбаеваның жүктілік кезеңінде денсаулығына қатысты ешқандай шағымы болмаған. Бірақ үшемді дүниеге алып келгелі отырған соң, Ұзынағаштағы дәрігерлердің бақылауында болуы үшін ауруханаға жатады. Кейін бір күнге дәрігерлердің рұқсатымен үйіне кеткенде, түнгі 2-лер шамасында толғақ қысып жедел жәрдем шақырады. Олардың біреуі де бос болмаған соң, аурухананың нұсқауымен жұбайы Қаскелеңдегі перзентханаға әкеледі.

ЖАЗИРА ТӨЛЕШОВА, ТУЫСЫ:

Ешкім шықпады дейді, есікті қаққан әбден. Ешкім шықпаған соң өзі келіншегін көтеріп алып келген. Өйткені келіншегі уже жүре алмайтын жағдайға жеткен. Көтеріп алып келіп, приемныйдың жанындағы жылжымалы есікті байқайды да, соны ашып жібереді. Мед персонал қалың ұйқыда жатыр екен. Сонымен айқайлап оятып алады. Сосын сол кезде ғана Айдананы қарап, болды мен өзім босандырып алам депті.

ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:

Дәл осы перзентханада әйел үшемді дүниеге әкелген. Алайда көп ұзамай шақалақтары бірінен соң бірі шетінеген. Туыстары дәрігерлерді салғырттық танытты, ақпаратты жасырды деп шырылдап отыр.

ГҮЛЖАН ТӨЛЕШОВА, ЕНЕСІ:

7-де босанғанда егіздер бірінен кейін бірі шетінеп кетті деп екеуін ғана айтады. Оны да өзімізге шығып айтпайды, келініміз арқылы. Содан жанағы үшінші баланы жасырып қалады. Оны біз кейіннен білеміз. 12-де көрсетеміз, тірі, жан сақтау бөлімінде жатыр деген информация берді ұлыма. Содан не керек, 12-де көрсетпейді, 1-ге дейін тосамыз. Мында келсе, осында кезекті дәрігер сен қандай баланы сұрап тұрсың. Олар таңертең үшеуі де бірдей бір сағат көлемінде өліп қалған деп айтады.

Туыстарының айтуынша, бүгінде олар үшінші нәрестенің денесі қайда жатқанын білмей, бұл мәселеге қатысты нақты жауап ала алмай жүр. Ал дәрігерлердің мәліметінше, Айдана Оразбаева Ұзынағаш ауылында жүктілік бойынша есепте тұрған және осы кезеңде бірнеше рет ем қабылдаған. Үшемге жүкті болған әйелдің толғағы басталып, қағанағы кеткендіктен, оны басқа медициналық ұйымға ауыстыру қауіпті болған.

«ҚАРАСАЙ КЛИНИКАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ ОРТАЛЫҚ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫ» ШЖҚ МКК:

Жүктіліктің 25 аптасында үшеммен босану аса ауыр, шұғыл медициналық көмекті талап ететін критикалық жағдай болып табылады. Осыған байланысты жүкті әйел стационарға жатқызылды. Туған кездегі дене салмағы 500 грамға дейінгі нәрестелер экстремалды төмен салмақпен туғандар санатына жатады. Мұндай жағдайда өмірлік маңызды ағзалар, әсіресе өкпе мен орталық жүйке жүйесі толық қалыптасып үлгермейді. Қазіргі уақытта көрсетілген медициналық көмектің сапасына ішкі аудит жүргізілуде.

Дүние есігін енді ашқан үшемінен айырылған ата-ана полицияға арыз жазды. Олар нәрестелердің дәрігерлердің әрекетіне жан-жақты тексеріс жүргізіп, заң жүзінде тиісті шара қолдануды талап етеді.