Ақтөбе облысында мейрамханадағы жаппай ұшынуға қатысты санитарлық тексеру жұмыстары аяқталды. Ас мәзірі мен асүйден алынған сынамалардан стафилококк пен ішек таяқшасы анықталды. Бұдан бөлек, санитарлық талаптар өрескел бұзылған. 100-ден астам адамның аурухана төсегіне таңылуына себеп болған мейрамханадан анықталған заңбұзушылықтардың тізімі ұзақ. Еске салайық, оқиға 19- маусым күні болған еді. Бір тәулік ішінде дене қызуы көтеріліп, құсу мен іш өту белгілерімен инфекциялық ауруханаға ондаған адам жеткізілді. Кейін олардың барлығының бір күн бұрын Қандыағаштағы мейрамханада өткен тойға қатысқаны анықталды. Зардап шеккендердің жалпы саны 113 адам. Қазір мейрамхананың қызметі тоқтап тұр.
ЕРЛАН МҰРАТОВ, МҰҒАЛЖАР АУДАНДЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Тағамды дайындау технологиясының бұзылуы, тағам өнімдері мен азық-түлік шикізатының қауіпсіздігін растайтын тауарға ілеспе құжаттарының болмауы, дезинфекциялық режимнің сақталмауы, сондай-ақ мейрамхана қызметкерлерінің міндетті медициналық тексеруден өтпеуі.