Иран өзінің прокси күштері арқылы Сауд Арабиясына қысымды күшейтті. Йемендік хуситтер теңіз блокадасын жариялады. Иранның өзі АҚШ-пен құрлықта да соғысуға әзір екендігін жеткізді. Үндістанда мектеп түлектері мен студенттер оқытушылардан бастап, білім министрлігіне қарсы жаппай наразылыққа шықты. Олар, сыбайлас жемқорлық жүйені жаулап алды деп ашынуда. Ұлыбританияда бір ай бұрын басталған саяси дүрбелең саябырсыды. Елде, жаңа мемлекет басшысы тағайындалды. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Йемендік Хуситтер Сауд Арабиясының жағалауына толықтай блокада орнатты. Ондағы мақсат Баб-Ель Бандеб бұғазы арқылы – елдің мұнай сатуына кедергі келтіріп, дағдарыс орнату. Сарапшылар пікірінше, бұл Иранның тапсырмасымен жасалынып отыр. АҚШ болса, Иранның Ормуз бұғазын бақылауының негізгі плацдармы – Харг аралына әскер кіргізіп басып алу жоспарын пысықтап жатыр деген ақпарат тарады.
ИСМАИЛ БАГАИ, ИРАН СІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Кейбіреулер АҚШ бұл соғыста басымдыққа ие деп ойлауы мүмкін. Біз ассиметриялық тәсіл қолдану арқылы, яғни, олардан қарағанда аз күш жұмсап, жеңіп жатырмыз. Ал, егер олар құрлық операциясын бастаймын десе, бар әскерлерінен айырылады. Артынша, саяси тұрақсыздыққа тап болып, дағдарысқа ұшырайды. Сондықтан, әр қадамдарын ойланып басқаны жөн. Біз ештеңе жоғалтпаймыз.
Үндістандық оқушылар мен студенттер ұстаздарға қарсы наразылық акциясына шықты. Тіпті, білім министрі – Дхармендра Пратхан отставкаға кетсін деп талап етіп отыр. Оған себеп, мектеп бітіру кезіндегі емтихандардың жауабын ұстаздар жаппай сатып жатыр-мыс. Бастапқыда бейбіт шеру, полициямен қақтығысқа ұласты. Тәртіп сақшылары көз жасаурататын газ қолдануда.
АДИТИЯ ПРАТЕШ, СТУДЕНТ:
Мен осыдан екі жыл бұрын емтихан тапсырып, өз біліміммен жоғары балл жинадым. Алайда, дәл жанымда «емтиханды сатып алғандар» болды. Сол үшін ата-анам жыл сайын оқу ақысын төлеуге мәжбүр. Соның өзінде, біздің елімізде білім беру сапасы өте төмен. Бірнеше жылда біздің дипломдарымыз ше мемлекеттерде бағаланбай қалады. Еуропа немесе өзге дамыған елдермен салыстырсақ, біліміміз жермен көктей. Соның өзіне не үшін біз дайын жауаптарға ақша беруіміз керек?
Ұлыбританияда саяси тұрақтылық орнады. Бір айға созылған дағдарыс бүгін тоқтады. Жаңа Премьер-министр Энди Бернем жаңа Үкімет құрамын жасақтап, Даунинг-стриттегі қызметіне кірісті. Естеріңізге сала кетсек, алдыңғы мемлекет басшысы Кир Стармер өз министрлер кабинетінің мүшелері наразылығын білдіріп, бірінің соңынан бірі отставкаға кеткен еді.
ЭНДИ БЕРНЕМ, ҰЛЫБРИТАНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Мен халыққа қамқорлық көрсетіп, елімізді тұрақтандырғым келеді. Бұрынғы өмір сүру деңгейінің межесін қалпына келтіріп, соған қайта ұмтылуымыз керек. Ұлыбритания үшін жаңа дәуірді бастап, ол үшін нақты қадам жасаймыз. Таяу арада бірінші Парламентке, артынша, халыққа жаңа жоспар ұсынбақпын.
Трамп Әлем чемпионатының финалында Канада Премьер-министрі Марк Карнимен кездесіп, артынша, Канадалық 300 тауар түріне 50 пайыздық салық салды. АҚШ Президент солтүстік көршісінде америкалық тауарларға 25 пайыздық салық салынғаны және азық-түлікті дүкен сөрелеріне әдейі шығармай жатыр деп наразылығын білдірген.