Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы белбеуін өз еркімен тапсырды.
WBO оның өтінішін ресми түрде қабылдап, бұрынғы уақытша чемпион Дензел Бентлиді толыққанды чемпион деп таныды. Бос қалған орынға міндетті үміткер ретінде кубалық Йоэнли Эрнандес бекітілді.
Бұл шешім Жәнібектің мансабындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіруі мүмкін. Боксшы 76,2 келіге дейінгі супер-орта салмақ рейтингіне ауысуды жоспарлап отыр.
Соңғы уақытта Әлімханұлының айналасында допинг дауына байланысты қиын кезең болды. VADA сынамасынан мельдоний анықталғаннан кейін боксшы уақытша шеттетіліп, бірқатар чемпиондық белбеулерінен айырылды.
Енді қазақстандық нокаутшы жаңа салмақта үлкен жекпе-жектерге шығуды көздейді. Бұл дивизионда әлемдік бокс жұлдыздары, соның ішінде Сауль «Канело» Альварес өнер көрсеткен.