Израиль енді Ливанға қалаған кезінде баса-көктеп кіре алмайды. Трамп екі елді татуластырып, Ақ үйде Ливан басшысын қабылдады. Сонымен қатар, солтүстіктегі көршісі Канададан шыққан тауарларға неліктен 50 пайыздық салық салғанын да түсіндірді. Осы уақытқа дейін Канада билігі америкалық шаруа қожалықтарына қысым көрсетіп келді, - дейді Трамп. Филиппиндегі дәстүрлі АСЕАН саммитіне қатысқан АҚШ мемлекеттік хатшысы Иран билігімен келіссөз жүргізу мүмкін емес, - деген тоқтамға келгенін жеткізді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Ливан әскері Израиль басып алған аймақтарға қайта оралып жатыр. Енді Израиль кез-келген уақытта баса-көктеп кірмеуге уәде беріп, екі ел тиісті шарт жасасты. Осы келісім Дональд Трамптың араласуымен жасалған екен. Бұл туралы Трамп Ақ үйде Ливан Президентін қабылдаған кезде белгілі болды.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Көп жылдар бойы көрші елдер Ливанға әділетсіздік көрсетіп келді. Израиль, мәселен, Хезболланы сылтауратты. Біз жақын арада Хезболламен мәселені толыққанды шешеміз. Бірақ, қазірдің өзінде Ливан мен Израильдің ортақ шешім табуы – Таяу Шығыс үшін бейбітшіліктің бастауы.
Трамп Канада билігіне ренжулі. Журналистерге не себепті канадалық тауарларға 50 пайыздық салық салғанын да түсіндірді. Айтуынша, ауыл шаруашылық қожалықтарына көп уақыт бойы Канада қысым көрсетіп келген. Оның үстіне, бір аптадан астам уақыт бойы сөндіре алмай отырған орман өрті АҚШ қалаларына жетуі – АҚШ Президентінің айтуынша, солтүстік көрші елдің билігінің біліксіздігінің көрсеткіші.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Канадаға АҚШ-тың мықты болғаны керек. Себебі, бізсіз ол ел бірде-бір күн өмір сүре алмайды. Сіздер ойлап қалмаңыздар. Мен Канада халқын жақсы көремін. Алайда, билігі бізге 50 жыл бойы опасыздық жасап келді. Біздің ауыл шаруашылық қожалықтарының тауарларын ысырып, шығынға батырды. Мен соған налып отырмын. Осы аралықта менің алдымда ел билеген бірде-бір ақымақ, есуас Президент еш шара қолданбаған.
Иранмен келіссөз жүргізу мүмкін емес. Оларды үстел басына отырғызудың өзі азап. Біз шаршадық. Филиппинде АСЕАН саммитіне қатысқан АҚШ Мемлекеттік хатшысы осылай деп ренішін жеткізді. Марко Рубионың айтуынша, соғыс жүргізуден басқа амал жоқ.
МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:
Иран біздің келіссөз процессіне өте немқұрайлы қарайды. Біз не үшін ондай болды деп ары ойланып бері ойландым. Бізді жынды қылып отыр ма деген де ой келді. Бірақ, Иран билігінде ақыл-есі сау адам қалмады деген тоқтамға келдім. Егер олар бізді сыйласа, бізде құрметпен жауап қатар едік.
Ауғанстанда су тасып 23 адам қаза тапты. Нуристан провинциясындағы табиғи апат салдарыннан 80 адам жарақат алған. Тағы 100 адам іс-түссіз жоғалып кетті. Тасқын су бірнеше ғимаратты опырып түсіріп, үйінділер астында адамдар қалды.