Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының өңірдің экономикалық әлеуетін нығайту және негізгі инфрақұрылымдық жобаларды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.
Атап айтқанда, Премьер-министрі Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту және отандық өндірістік қуаттарды кеңейту бағытындағы жобалармен танысты.
Ақтау халықаралық әуежайында Премьер-министрге Каспий теңізіне шығу мүмкіндігі мен заманауи порт инфрақұрылымының арқасында ТХКБ-ны дамытуда маңызды рөл атқаратын Маңғыстау облысының көлік-логистикалық әлеуеті туралы баяндалды. Кейінгі үш жылда Қазақстан порттары арқылы контейнерлік транзит көлемі 3,8 есеге артып, 42 мың ЖФЭ-ге дейін жетті. Бұл ретте порттардың жиынтық өткізу қабілеті жылына шамамен 200 мың ЖФЭ-ге дейін жеткізілді.
Олжас Бектенов сондай-ақ Каспий теңізінің жағалауында заманауи кеме құрастыру верфін салу жобасымен танысты. Жобаның инвестиция көлемі кемінде 125 млрд теңгені құрайды.
YDA Group директорлар кеңесінің төрағасы Хусейн Арслан кәсіпорында азаматтық және арнайы кемелерді жобалау мен жасаудан бастап, оларға техникалық қызмет көрсету және күрделі жөндеуге дейінгі өндірістің толық циклі жолға қойылатынын айтты. Сонымен қатар экипажсыз суүсті аппараттарын шығару көзделген. Өндірістік қуаты жылына 8 жаңа кеме жасауға және 24 кемеге жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 1,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Жоба аясында технологиялар трансфері, халықаралық стандарттар енгізу және қазақстандық мамандар даярлауға арналған оқу орталығы ашылатыны атап өтілді. Өндірістік кооперацияға отандық шағын және орта бизнес кәсіпорындарын тарту жоспарланып отыр.