Инфляция сәл баяулағанымен, Ұлттық банк баға қысымы әлі де жоғары екенін айтады. Бензиннің қымбаттауы экономикаға қалай әсер етуі мүмкін?
Қазақстанда жылдық инфляция аздап баяулағанымен, экономикадағы баға қысымы әлі де жоғары. Әсіресе бензиннің күрт қымбаттауы тасымал мен өндіріс шығындарын өсіріп, инфляцияны қайта үдетуі мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, маусымда жылдық инфляция мамырдағы 10,4%-дан 10,3%-ға дейін төмендеген. Азық-түлік инфляциясы да 10,4%-ға дейін баяулаған. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы соңғы үш айда өзгеріссіз қалып отыр.
Біздің пайымдауымызша, бұған ықпал еткен факторлардың бірі – жеткіліктілік шегі көтерілгенге дейін халықтың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарын пайдалануы. Сонымен қатар теңге бағамының нығаюы, әсіресе импорттық тауарлардың бағасына дезинфляциялық әсер етіп отыр, – деді Тимур Сүлейменов Ұлттық банкте өткен брифингте.
Сонымен бірге қызмет көрсету саласындағы баға өсімі қайта үдеген. Маусымда сервистік инфляция реттелмейтін қызметтердің қымбаттауы салдарынан 9%-ға жетті.
Айлық инфляция да маусымда біршама өскен. Бұған көкөніс бағасының қымбаттауы және азық-түлікке жатпайтын кейбір тауарларға сұраныстың артуы әсер еткен.
Базалық инфляция 0,9%-ды, ал маусымдық факторлардан тазартылған көрсеткіш – 1%.
Бұл экономикада баға қысымының әлі де сақталып отырғанын көрсетеді. Инфляцияны төмендету процесі басталғанымен, ол әлі тұрақты сипат алған жоқ. Сондықтан ақша-кредит саясатын жұмсарту мәселесі жан-жақты сараланып, байыппен қарастырылып отыр, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Тимур Сүлейменов бензин бағасының күрт өсу қаупіне де тоқталды. Оның айтуынша, жанар-жағармайдың қымбаттауы инфляцияға тек тікелей әсер етіп қоймайды.
Бензин бағасының өсуі тасымал шығындарын арттырып, өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің өзіндік құнына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде бағаның экономика бойынша кеңінен өсуіне әкелуі мүмкін.