$476.07 €541.86 ₽6.08
×

Түркістан облысында әйел күйеуін оқтаумен ұрып, ер адам көзінен айырыла жаздады

Түркістан облысында әйел күйеуін оқтаумен ұрып, ер адам көзінен айырыла жаздады
Видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде Түркістан облысында болған отбасылық жанжалдың видеосы тарады. Кадрдан әйел күйеуін оқтаумен аяусыз ұрып жатқанын көруге болады. Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. 

Зардап шеккен ер адам полиция шақырғанымен, оқиға орнына ешкім келмеген. Кейін ол ауруханаға жеткізіліп, арыз жазған. Ер адамның туыстары мұндай жағдайдың бұған дейін де бірнеше рет болғанын айтып, әйелді жауапқа тартуды талап етті.

Түркістан облыстық полиция департаменті желіде видео тараған соң тексеру жүргізген.

“Жанжал тұрмыстық сипатта болған. Жәбірленуші тараптардың татуласқанын, ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартты”, – делінген полиция жауабында. 

Соған қарамастан, әйелге қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Оған қоса полиция Қылмыстық кодекстің 108-1-бабының 2-бөлігі (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша қылмыстық іс қозғады.

“Оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған қажет тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады”, – деп мәлімдеді полиция.

Ведомство өкілдері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін айтты.