Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова тағайындалғалы бері бірінші рет Мәжілісте заң қорғаған. Жұмыспен қамту, дәлірегі жұмысқа орналастыру мәселесінде жекеменшік агенттіктердің қызметін пайдалану туралы. Мәжіліс Төрағасы былай деді:
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
В бюджете предусмотрены большие финансовые средства, которые выделяются для того, чтобы людям приносить пользу и чтобы люди почувствовали конкретный результат. А не так, чтобы выделили деньги, потратили, отчитались и никто не получил конкретной помощи.
Адамдарды қайта оқытып, сұранысқа ие мамандыққа баулуға бөлініп жатқан миллиардтаған теңгенің арқасында жұмыссыздықтың, кедейшіліктің қаншаға азайғаны тіршілікте байқала ма? Сезіле ме? Сұрақтың жауабы нәпақа іздеп, шет мемлекеттерге қара жұмыс іздеуге баратындардың санымен де астасады. Ал олар аз емес. Егер осы мәселені – шетелде қара жұмыс істеуді әрі қарай қаузасақ, иә, әжептәуір табыс тауып келетіндер бар. Олар несиесін жауып тастап, «уһ» деп бір жеңілдеп қалады. Бірақ құлдыққа түсіп, одан зорға құтылып, аман-сау қайтқанына қуанып жүргендер де бар. Екі категорияның арасында турфирмаға ақшасын төлеп, әйтсе де не шетелге бара алмай, не ақшасын қайтара алмай қалған азаматтар жүр... Барлық категория бойынша кейіпкер тапқан Айзада Төребекқызының материалы.
Өзін Нұржан деп таныстырған бұл азамат Шымкентте тұрады. Ол Оңтүстік Кореяда бес ай жұмыс істеп қайтқан. Айтуынша бес жыл бұрын үйін кепілге қойып алған несиесін өтеу оңайға соқпапты. Тұрақты жұмысы болмағандықтан, ел қатарлы сауда істеймін деген ойым сауда орнымен бірге отқа оранды, - дейді өзі. Отбасын елде қалдырып, тәуекел еткеніне қазір еш өкінбейді.
Нұржан:
-Бес айда мен теңгемен шаққанда 2,5 млн-дай таптым. Кредитім бар еді 2 млн-дай, соны жаптым және 500 мың теңге үйге анау-мынау, Құдайға шүкір...
-Ол табысты бізде жүргенде қанша уақытта табар едің, 2,5 млн-ды?
- 2,5 млнды Шымкентте жүретін болсақ , Шымкентте айлық көп емес қой, 40-50 мың теңге болғанда, 3-4 жылда табасың ғой ол ақшаны.
Нұржан Кореяда жалдамалы жұмысшы болып еңбек етіпті. Яғни істегені қара жұмыс. Оған арланбайды. Жат жердің өзіндік қиындығы жоқ емес. Елде жүргенде жауырыны қақпақтай, 100 келі тартатын жігіт ол жақтан едәуір азып оралған. Есесіне күніне жоқ дегенде 30 мың теңгеден алыпты. Бәрінен бұрын еңбегіңді ешкім жемейді, деді.
Нұржан:
Мен бірінші сезонный жұмысты таңдадым. Теңізде бұларда морская капуста, бір шөп бар оларда, теңізде өсетін. Мен соған бардым. Бір ай сезон істеп, кейін бір айдан кейін Шымкенттің жігіттерімен хабарласып, құрылысқа өтіп кеттім. Алдау, ондай оларда жоқ. Мысалыға, табысыңды беретін кезде әр адамның жеке - жеке қолына береді.
Нұржан «Кореяда заңсыз жүргендерге қыруар айыппұл салынады» дегесін оралғанын айтты. Бұл сапардан кейін араға жарты жыл салып Еуропада да жұмыс істеп қайтқан. Ол жақтағы табыс Кореямен салыстырғанда аздау, деді.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Жұмыссыз жүрген азаматтардың шет мемлекеттерге кетіп жатқанын күнделікті естіп жүрміз. Тамыр-таныстардан бөлек оларға мұндайда ғаламтор «көмекші» болып тұр бүгінде. Қай елде қандай жұмыс барын мен де қарап көрейін... Байқауымша екі қолға бір жұмыс іздегендердің таңдауы көбінде Кореяға түседі екен. Міне, мұнда қандай жұмыстардың бары, оған төленетін жалақысы да ашып көрсетіліпті.
Жұмыс көп. Бірақ шекара асып барғанның бәрінің істейтіні кәдімгі қара жұмыс. Бірі - бақшада, енді бірі – зауыт, фабрикаларда. Ондай шаруа өзімізде де бар емес пе?- деген заңды сұрақ қылтиғанмен, мәселенің төленетін жалақыда екені түсінікті.
Тағы бір отандасымыздың Кореяда жүргеніне жылдан асты. Онымен ғаламтор арқылы байланысқа шықтық. Шетелде заңсыз жүргендіктен бет-жүзін көрсетпеуімізді өтінді. Ол да құрылыста көмекші екен.
Тимур:
Отбасымды сағындым. Бірақ шыдамасқа болмайды. Бәрі күнкөріс үшін. Күніне 8-9 сағат жұмыс істейміз. Жақсы істесең жақсы төлейді. 20 мың доллар несием бар еді, соның жартысын жауып үлгердім. Мұнда заңсыз жүргендіктен көшеге беймезгіл шықпаймыз, ұсталсаң қамап тастайды. Мен мұнда «турист» ретінде келіп, қалып қойғанмын. Егер Өзбекстандағы секілді бізде де заңды түрде жұмыс істеуге жіберетін агенттіктер болса жақсы болушы еді.
Расында, шет мемлекеттерге жұмыс іздеп кетіп жатқан отандастарымыз өте көп. Мәселен, Қазақстан мен Оңтүстік Корея екіжақты визасыз режимді енгізгеннен бері сол елге барушылардың да қатары артыпты. Көпшілігі заңсыз қалып қойған. Осы себепті ескертулер де беріліпті.
Шакира Әділбекова, Қазақстан туристік қауымдастығының менеджері:
Былтырғы жылы Корея болды, одан басқа мемлекеттерден, елшіліктерден бізге хабар келген жоқ, осы туризм бағытымен барып қалып қалды деген. Адамдар әр түрлі ғой, барғаннан кейін сол жерде жұмысқа қалып қалуы мүмкін. Оны туристтік компанияларға айтпауы да мүмкін.., біз туризм бағытымен кетіп бара жатырмыз, оған виза керек емес, дейді де ар жағында қалып қалуы мүмкін. Сондықтан биылғы жылы да министрліктен хат алып, біз туристтік компанияларға хабар бердік.
Бірақ бұл тұста туристік фирмалардың да кінәсі бар ма дерсің... Мәселен, шымкенттік бір топ азамат бір жылдан бері не шетел аса алмай, не компанияға санап берген миллиондаған теңгесін қайтара алмай әуре. Жапон елінде машина құрастыру зауытына жұмыс бар деген фирманың уәдесіне сенген Сәйдәзімнің 1 млн теңге несиені 1 айда жабамын деген есебі елес болып қалыпты.
Сәйдазім Әлимханов, Сайрам тұрғын алабының тұрғыны :
Айлығы 3 мың доллар болады. Сендерге жататын жер, жұмыс киім сондай береді деп айтқан. Сонымен былтыр 13-ақпанда мен 930 мың теңге апарып қолына бергем. Сонымен мамыр айына дейін созып жүрді. «Сендерге виза шықпай жатыр, 3 айлық деловой виза алу қиын болып жатыр», -деді. Жарайды деп күттік. Май айында қарасақ, туристік виза 15 күндік.
Күншығыс еліне топ болып 15 адам баруы тиіс болған, әу баста. Бірақ әуелгіде Ташкент әуежайынан қайтқандарды фирма екінші рет Корея арқылы жіберіпті. Ол жақта әуе жайдан әрі өте алмағандар жертөледе ашқұрсақ жатып, ақыры елге оралдық, дейді. Былтырдан бері туристік фирманың табалдырығын тоздырғандар полицияға да бірнеше рет арыз түсірген. Әзірге өнер емес.
Атабек Насыров, Сайрам тұрғын алабының тұрғыны:
Фирма қалайда Жапонияға барамын деп тұрып алған үш жігітті жіберді. Бірақ оларды шетелде ешкім күтіп алмады. Екі апта қонақ үйде жатып, босқа қайтып келді. Алдаған. Олар ақшасын сұраған еді, сендердің ұшып барғандарыңа, қонақ үй шығынына кетті деп қайтармай отыр. Біз ұшақтың қанша тұратынын, визаның қанша тұратынын жақсы білеміз ғой. Енді прокуратураға арызданамыз.
Шахноза Хасанова, «Сана Сезім» әйелдер бастамалық құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі:
Өкінішке орай, біздегі барлық ашылып жатқан туристік фирмалардың барлығының лицензиясы именно жоқ, именно жұмысқа тұрғызу үшін виза беретін. Әртүрлі визалар береді, туристік виза беруі мүмкін, гостевая виза беруі мүмкін, бірақ жұмысқа емес. Бұлар осы туристік визаны алады да шетелге кетеді де, сол жақта жұмыс істейді. Автоматты түрде олар туристік визамен жұмыс істеуге құқығы жоқ. Олар демек сол мемлекеттің заңын бұзады. Сондықтан осы жұмыс беруші сонымен пайдаланады да оларды құлдықта ұстайды.
Құлдыққа шетелді айтпағанда,өз елімізде жүріп түскендер де бар. Алпысты алқымдаған мына азамат «құжатыңды туралап беремін» деген адамның сөзіне сеніп, қойын бағып беруге келіскен екен. Одақ тұсында отбасы жағдайымен Өзбекстан асқан ол, бертінде елге оралыпты. Тек құжатын туралаудың реті келмей-ақ қойды, -дейді.
Ол басында 70 мың берем деген. Сол бір ай күттім жоқ, екі ай күттім жоқ... Енді істейсің, документсіз қайда барасың, документтің бәрі менде... Бірінші күні-ақ сұрады ол документті. Туралап берем, неше адамдікін туралағанмын деді, мен қиын деп жүргем ғой...
Сөйтіп жүргенде бақандай бес ай бойы әйелі мен немересі үшеуі кәдімгі құлға айналған. Оның да кісіге жалдануына қу жоқшылық, жұмыстың жоқтығы себеп.
Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде бүгінде 400 мыңнан астам адам жұмыссыз екен. Үкімет жұмыссыздарды қажетті мамандықтарға баулып жатқандарын айтады.
Ерболат Абулхатин, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары:
Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясындағы шаралармен қамтылған азаматтарға жұмысқа орналастырылды, оқуға жіберіліп жатыр. Соның себебінен осы 2018 жылдың 1-ақпанына осы ресми жұмыспен қамту орталықтарына тіркелген жұмыссыздың саны 55 мыңға азайып отыр. Енді ол күнделікті өзгеріп отырған сан.
Ерболат Абулхатиннің есебінше, биыл 570 мың азамат жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Алайда «екі қолға бір күректі» шетелден іздейтін отандастарымыз азаяр емес. Соңғы үш жылда 100 мыңнан астам азамат шет мемлекеттерге кетіпті. Олардың нақты қандай себеппен шекара асқаны ашып айтылмайды. Тек 428 -і ғана еңбек шартымен жұмыс істеуге кетті дейді, ресми мәлімет беретіндер. Ал біз заңсыз жұмыс істеп жүргендердің әлдеқайда көп екенін Нұржанның мысалында білеміз. Және ол шекарадан өте алса Оңтүстік Кореяға тағы бір барып қайтқысы бар.
-Егер кіргізетін болса барам мен. Ұнады ол жақ маған. Оларда тәртіпке бағынады. Дисциплина оларда, біздегідей не жоқ оларда, лақтырып кету...
Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт».