$476.07 €541.86 ₽6.08
×

Павлодарда өткен Халықаралық форумда инклюзивті білім беру мен волонтерлікті дамытуға бағытталған үздік жобалар таныстырылды

Павлодарда өткен Халықаралық форумда инклюзивті білім беру мен волонтерлікті дамытуға бағытталған үздік жобалар таныстырылды

Павлодар қаласында EduBridge: Global Volunteer Forum for Inclusive Learning халықаралық волонтерлер форумының пленарлық отырысы өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, волонтерлер ұйымдарының өкілдері, халықаралық сарапшылар мен Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстанның жастар көшбасшылары қатысты.

Ашық диалог форматында өткен жиында волонтерлік қозғалысты дамыту, инклюзивті білім беруді ілгерілетудің заманауи тәсілдері, халықаралық озық тәжірибелер және елдер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерлік, инклюзивті білім беру, қайырымдылық және волонтерлік бағытында жүзеге асырылып жатқан бірегей жобаларды таныстырды.

Пленарлық отырыс аясында Павлодар облысындағы әлеуметтік және волонтерлік бағыттағы жобаларға арналған шағын гранттар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жалпы саны тоғыз бастама қолдау тапты. Олар медиаволонтерлікті дамытуға, экологиялық жобаларды жүзеге асыруға, цифрлық қауіпсіздікті арттыруға, инклюзивті тәжірибелерді кеңейтуге, әлеуметтік қолдау көрсетуге және волонтерлер мәдениетін насихаттауға бағытталған.

Форум Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жариялаған Халықаралық волонтерлер жылы аясында өтті.

Форум Қазақстанның волонтерлікті дамытуға бағытталған бастамаларының халықаралық деңгейде қолдау тауып келе жатқанын және осы саладағы әріптестікті кеңейтуге қосып отырған үлесін тағы бір мәрте айқындады.