Шығыс Қазақстан облысының Белоусовка ауылында кәсіпкер әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полицияның мәліметінше, аса ауыр қылмысқа күдікті бірнеше адам оқиға болғаннан кейін аймақтан кетуге әрекет жасаған сәтте қолға түскен.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, белгісіз адамдар түнде тұрғын үйдің аумағына заңсыз кіріп, отбасы мүшелеріне шабуыл жасаған. Оқиға салдарынан кәсіпкер әйел қаза тапқан. Ал оның күйеуі түрлі дене жарақаттарын алып, Өскемен қаласындағы ауруханаға жеткізілген.
Белгілі болғандай, отбасы Белоусовка ауылындағы екі қабатты коттеджде тұрған. Марқұм құрылыс материалдарын, лак-бояу өнімдері мен тұрмыстық тауарларды сатумен айналысқан.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу аясында қылмыстың себебі мен басқа да қатысы бар тұлғалардың болуы тексерілуде.