Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Маңғыстау облысында шыны үрлеуші болып жұмыс істейтін азамат тұрады

AstanaTV
23.02.2018ж. 20:00
3915
Маңғыстау облысында шыны үрлеуші болып жұмыс істейтін азамат тұрады

Маңғыстау облысында сирек мамандық иесі бар. Ол - шыны үрлеуші Владимир Иванов. 36 жылдық еңбек өтілі бар шебер ауыз судың сапасын тексеретін химиялық зертханаға қажет ыдыстар жасаумен айналысады. Тіпті зақымданған шыны пробиркалардың 80 пайызын қалпына келтіре алады.

Владимир Ивановты шынында да таптырмайтын маман деуге болады. Ол - аймақтағы жалғыз шыны үрлеуші. Қолына түскен кішкентай жылтыр құбырлар әп сәтте пробиркаға, колба немесе мензурка деп аталатын зертхана ыдысына айналады. Шебер өзіне артылған міндетті орындап, сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр.

Владимир Иванов, шыны үрлеуші:

Бұл кәсіп сезімталдықты қажет етеді. Қолыңдағы бір тал қылшықты сезе алатын болуың керек. Оны сезбейтіндерге жұмыс істеу қиын. Мен шыныға қашан сызат түсетінін де білемін. Асығыста солай ойласам бітті, шыны шытынап кетеді.

Шебер кварцталған әйнектен басқасынан қорғанбайды. Күйіп қалмау үшін термохалат кигені болмаса, жалаңаш қолмен жұмыс істейді. Бұл кәсіпті Владимир кездейсоқ меңгерген. Алғаш рет азотты тыңайтқыш зауытында шыны үрлеп жатқан жұмысшыны көріп қызыққаны сонша, екі жыл тәлім алады. Қазір шыны ыдысты әп - сәтте үрлейді. Владимир өз ұжымын талай сынақтан құтқарған.

Галина Мануилиди, «Маэкқазатомөнеркәсіп» ЖШС зертхана бастығы:

Комиссия келетін кезде аса қажет ыдысты сындырып алдық. Владимир түн ортасына дейін отырып, жөндеп берді. Ертеңінде комиссия келгенде ол бүп - бүтін болып үстелде тұрды.

Бұл кәсіпте ең бастысы төзімділік,- дейтін шебер өнерін 24 жастағы ұлына үйретіп жүр. Осылайша, сүйікті ісін ұрпақтан ұрпаққа жалғап, шыны үрлеушілер әулетін құрғысы келеді.