$473.4 €539.39 ₽6.07
×

Алматыда 65 адам уланған дәмханадан санитарлық заңбұзушылықтар анықталды

28.07.2026ж. 12:40
Алматыда 65 адам уланған дәмханадан санитарлық заңбұзушылықтар анықталды
фото: ҚР ДСМ

Алматы облысының Боралдай кентіндегі дәмханадан жаппай улану оқиғасына қатысты санитариялық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелері жарияланды.

Оқиға бір ай бұрын болған. Танымал дәмханадан суши мен пицца жеген 65 адамның 36-сы жүрек айну, құсу және іштің ауыруы белгілерімен үш ауруханаға жатқызылса, тағы 29 адам амбулаториялық ем қабылдаған.

Тексеру барысында санитариялық дәрігерлер дәмхана асханасында өрескел санитариялық талаптардың бұзылғанын анықтады. Атап айтқанда, ас әзірлейтін үстелдер мен құралдардан ішек таяқшасы табылған. Сонымен қатар, шикізат пен дайын өнім еденде сақталған.

Сондай-ақ, тексеріс барысында балық, күріш және ірімшік өнімдеріне сәйкестік сертификаттары болмағаны, ал қызметкерлердің медициналық кітапшасыз жұмыс істегені белгілі болды.

«Тексеру қорытындысы бойынша суши-бардың қызметі толық тоқтатылып, қауіпті өнімдер жойылды. Іс материалдары құқық қорғау органдарына жолданды», делінген Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының хабарламасында.

Қазіргі уақытта уланған азаматтардың барлығының денсаулығы жақсарып, ауруханадан шығарылған.