Шымкентте тұрмыстық қалдықтарды термиялық әдіспен өңдеп, электр энергиясын өндіретін заманауи кешеннің құрылысы басталды. Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған инвестициялық жоба «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Жоба аясында заманауи кешен Ақтас-1 шағын ауданындағы қолданыстағы қоқыс полигонының аумағында салынады. Құрылысқа ресми түрде капсула салынып, қатысушыларға жобаның негізгі кезеңдері таныстырылды. Жалпы инвестиция көлемі - 54 миллиард теңге.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:
Осы жерге дейін қарап, бәрін жан-жақты зерттеп, зерделеп үлкен жұмыс атқарылды. Соның нәтижесі ретінеде бүгінгі үлкен іс-шараға куә болып отырмыз. Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жоба.
Құрылыс жұмыстары екі жыл ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр. Кешен пайдалануға берілген соң тәулігіне мың тоннаға дейін тұрмыстық қалдықты термиялық әдіспен өңдеп, сағатына 24 мегаватт электр энергиясын өндіреді. Ал өңдеу барысында қалған күл құрылыс материалдарын шығаруға жұмсалады.
МҰРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Еуропалық барлық талаптарға сай келетін жоба. Қазіргі таңда жобаны толығымен Қытай компаниясы жобалап, Қазақстан Республикасының заңдылықтарына келтіріп, толығымен экологиялық сараптамадан өтті.
Мамандардың айтуынша, қалада тұрмыстық қалдық көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Сондықтан жаңа кешен полигондарға түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, экологиялық жағдайды жақсартуға және қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамытуға серпін береді.
ЯН ХАЙШЭН, «SHAANXI CONSTRUCTION» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қазақстан-Қатайдың жан-жақты стратегиялық серіктесі. Жаһандық «жасыл» даму бағытында белсенді мемлекет. Елде іскерлік орта жетілдірілген. Жалпы біздің бұл салада мол тәжірибеміз бар.
Жобаны 2028 жылы толық аяқтап, пайдалануға беру көзделген. Кешен іске қосылғаннан кейін 80 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ бұл нысан өңірдегі қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіріп, қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға ықпал етеді.