Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Президент тапсырмасынан соң, Үкімет отырысы алғаш рет толықтай қазақша өтті

AstanaTV
27.02.2018ж. 20:00
3691
Президент тапсырмасынан соң, Үкімет отырысы алғаш рет толықтай қазақша өтті

Үкімет тілін қазақшаға бұрды. Президенттің Үкімет пен Парламент қазақша сөйлесін деген тапсырма беруі сол-ақ екен, министрлер қазақша сайрап кетті. Бәрі мемлекеттік тілді үйреніп жатқандарын сүйіншілеп айтумен болды. Алайда ресми тілде сарнап үйреніп қалған шенеуніктердің кейбірі ескі тондарын тастауға қимады. Үкіметтің қазақ тіліндегі отырысын Айгүл Әдепбай тыңдап қайтты.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Президенттің "қазақша сөйлеңдер" деген талабынан соң Үкіметтің бүгінгі отырысына журналистердің назары ерекше ауды. Тілшілер қауымы министрлер баяндамаларының әр сөзін аңдып отырды десе болады. Бірінен соң бірі сөз алып жатқан атқамінерлер ресми тілде сайрап қалған тілдерін қазақшаға бұрып, ақ тер-көк тер болды.

Бұған дейін тілшіліктен бөлек, аудармашы болып келген қазақтілді журналистер бүгін бір "үх" деді. Алайда басынан бастап қазақша өріліп келе жатқан жиынның шырқын Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин бұзды. Өңірге тартылып жатқан инвестициялар туралы қазақша айту оңай болмаса керек.

Мәлік Мырзалин, Ақмола облысының әкімі:

В области на постоянной основе действует совет по привлечению инвесторов по улучшению инвестиционного климата, центр обслуживания инвесторов и поддержки инноваций на базе СПК Есиль. 

Инвестиция тарту тақырыбына тоқталсақ, мұнай-газ саласының дамуына 26 жылдың ішінде шамамен 200 млрд долар тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, оның ішінде Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарын игеруге салынған инвестициялар 121 млрд долларды құрады. Қазіргі уақытта Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ үш ірі кен орнында жалпы инвестициялар көлемі 42,3 млрд долларды құрайтын кеңейту және өндіріс деңгейін ұзарту жобалары жүзеге асып жатқан көрінеді. Қанат Бозымбаев Астанаға газ тарту жобасына тартылатын қаржыға да тоқталды. 

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Астана қаласының Орталық және Солтүстік өңірлерін газдандыру мақсатында «Қазтрансгаздың» «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын салу жобасы үшін қарыз қаражатын тарту мәселесі пысықталып жатыр. Жобаның жалпы құны есебінен 370 млрд теңгені құрайды. Және 267,3 млрд теңге Астана бірінші кезеңін қоса алғанда.

Латын әліпбиінің енгізілуіне байланысты мектептерге нөлінші сыныптарды енгізу 2020 жылға шегерілетін болды. Мұны Ерлан Сағадиев айтты. Министр баяндама арасында ескі әдетіне басып орысша сөйледі.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

-Жиын толық қазақ тілінде өтті, сіз неге баяндамаңызды толық қазақ тілінде жасамадыңыз? -Мен ғана, жо-жо-жоқ, 95 пайыз қазақша болған. Енді оны қазір бәрін жасап жатырмыз. -100 пайыз қылу қиын ба? -Қиын емес, бірақ орыстар келсе, қай тілде сөйлейді. -Жарайды, енді 100 пайыз қазақша болады. Келістік пе? Келістік.

Тілшілер қазақшаға шорқақ өзге де шенеуніктерді сұрақтың астына алды. Олар үйреніп жатырмыз деп ақталумен болды.

Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:

Енді өзіңіз көріп жатырсыз ғой, үйреніп жатырмын.

Айдар Әріпханов «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы:

-Дайынсыз ба? - Иә, дайынмын, әрине дайынмын. -Қазақ тілін үйреніп жүрсіз бе қазір? -Иә, үйреніп жүрмін. Аптада үш рет.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Толығымен көшеміз осы жылдың ішінде. Бүгін көрдіңіздер, екі баяндамам да қазақша болды. Бізде ол жағынан проблема жоқ.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Осылайша, президенттің пәрменін алғандардың бәрі жаңылып-шатасып болса да, әйтеуір тілдерін кәлимаға келтіргендей, қазақшаға бұрмалаумен болды. Тек бастысы, бір-екі айдан соң ескі әдетке баспай, бұл үрдіс дәстүрге айналса болғаны.

Айгүл ӘДЕПБАЙ