$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Тобыл өңіріндегі 97 елді мекенге көктемде судан қауіп бар

AstanaTV
27.02.2018ж. 20:00
2606
Тобыл өңіріндегі 97 елді мекенге көктемде судан қауіп бар

Биыл Тобыл өңіріндегі 97 елді мекенді су басуы мүмкін. Бұл жайында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері айтты. Мамандарды Ресей жақтан келетін су көлемі алаңдатып отыр. Өйткені көрші елдің "Росгидрометі" әзірге ақпарат бермей отырған көрінеді. Бүгінде Қостанай өңіріндегі су қоймалары 68 пайызға толық.

Алмат Абжанов, Тобыл-Торғай бассейндік инспекциясының бөлім басшысы:

Қардың ылғалдылығы 70 пайыз. Ал жердің қатуы бүгінгі таңда екі метрге дейін қатып жатқандығын ескеріп айтқан дұрыс. Су тасқынының жылдық есептік көрсеткіштен әлдеқайда төмен келетін күтілуде. Қазгидромет берген ақпарат бар. Ресей Федерациясынан ақпарат жоқ әлі.

Табиғат апатының алдын-алу шараларына биыл облыстық бюджеттен жарты миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Өңірдегі өзен-көлдердің қауіпті тұстары анықталып, мұз жару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдын-ала жасалған болжам бойынша шамамен екі жарым мың үй қызыл судың құрсауында қалуы мүмкін. Төтенше жағдайлар қызметкерлері қазір сол жерлерде дайындық шараларын өткізіп жатыр.

Талғат Кәкімов, Қостанай облыстық ТЖД басшысы:

Су тасқынын апатсыз өткізу үшін жоспар құрылды. Сол жоспар бойынша біраз жұмыстар атқарылып жатыр. 97 қауіпті елді мекен деп жаңа айттым ғой. Соның 40 елді мекенге су даладан, ал қалған 57 елді мекенге көлдер мен өзендерден келуі мүмкін.