Ақша табу үшін әлеуметтік желіде аузына келгенін айтқан 20-дан астам стример жауапқа тартылды. Тікелей эфирде балағат сөз айтып, әдепсіз әрекет көрсетіп, қауіпті пранк жасап, өзгелерді қорлағандар 20 тәулікке дейін қамалды. Контент үшін тіпті іш киіммен ел алдына шыққандары да бар. Ұяттан безгендердің арасында 50-ге жақындаған ел ағалары да кездеседі. Мәселен, Шымкент қаласының 48 жастағы тұрғыны Ербол Дүйсенбаев, талдықорғандық Гүлмира Қасенова, павлодарлық Аслан Амантаев TikTok-та тәртіп бұзған. Ал астаналық Алексей Дрожжин мен Әлия Молдаханова бейпіл сөздері үшін айыппұл арқалады.
ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:
ІІМ цифрлық кеңістікті құқыққа қайшы контенттен тазарту және қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды жауапкершілікке тарту бойынша жүйелі жұмысын жалғастыра береді. Заң талаптары шынайы өмірде де, интернет кеңістігінде де бәріне бірдей міндетті. «Заң мен тәртіп» – жай ғана ұран емес, әрбір азамат ұстануға тиіс қағидат. Ішкі істер министрлігі алдағы уақытта да осы қағидаттың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді жалғастырады.