Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Алматы облысында 300-ге жуық аула су астында қалды - ТЖД

AstanaTV
28.02.2018ж. 20:00
4153
Алматы облысында 300-ге жуық аула су астында қалды - ТЖД

Алматы облысында тасқын судың әлегі тиылар емес. Бүгін екі бірдей ауданда төтенше жағдай жарияланды. Бір түнде мыңға тарта адам қауіпсіз жерге көшірілген. 300-ге жуық ауланы су басқан. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. Ал Жамбыл облысында алты ауыл су астында қалды. 30-ға тарта баспана бүлінген. Кейбір елді мекендерде тіпті сабақ тоқтады. Тілшілеріміз тасқынмен алысқан жұрттың жанайқайын тыңдап қайтқан еді. Алдымен Алматыдан Олжас Нұржақып сөз алады.

Тоқтаусыз жауған жауын мен еріген қар суы Жамбыл ауданындағы 120 үйдің ауласына жайылған. Әсіресе Қайназар ауылы қатты зардап шегіп отыр. 50 аула су астында қалса, екі үйдің ішіне белуардан су кірген.

Дәмеш Өмірова,  Қайназар ауылының тұрғыны:

Не киім жарамайды. Не көрпе төсек жарамайды. Заттарымыз судың үстінде қалқып жүр. Тағы бір жаңбыр жауса, құлайын деп тұр менің үйім. Не істеймін ары қарай, білмеймін. 

Ауыл халқы абдырап қалған. Апта бұрын ескертсек те, еш әрекет болмады. Нәтижесі міне деп күйінеді, олар.

Бану Әмірова, Қайназар ауылының тұрғыны:

Ау, қазсаңдаршы, біз мынадай болып жатырмыз десек, бір тракторды алып келді де қазды, қазды. Оған ештеңе де болған жоқ. Сөйтіп жылғаннан кейін, ана жерді барып, жылап неғылып жатқаннан кейін, барып қазды. Болмаса қазбайтын еді. Екі әкім қарап тұрды бір-біріне күліп. Не деген сұмдық?

Жаңылхан Қабдырахымқызы, Қайназар ауылының тұрғыны:

Қорқамыз. Балалар суға түсіп кете ме? Сөмке деген зілдей, киім деген зілдей. Кешке жақын келгенде мына жерден батып келеді суға. Балалар.

Ентелеген судан тұрғындар түні бойы ұйқы көрмеген. Тек бүгін ғана қосымша көмек жеткізілді. Ауыл әкімі қазір қандай көмек болатынын нақты кесіп айта алмады.

Асқат Мүлкібайұлы, Алматы облысы Қарасу ауылдық округінің әкімі:

Көмек болу керек. Дәл кесіп айта алмаймын. Бірақ уақытша размещать етеміз. Одан кейін ақырындап ситуацияны регулировать етеміз.

Олжас Нұржақып, тілші:

Санаулы минуттарда үйге енген қара судың екпіні барлық затты жарамсыз күйге айналдырған. Салдарынан қабырғалар сөгіліп, топырағы үгітіліп жатыр. Ал, шырылдаған ана болса қайда барарын білмей дал. Тіпті, тағы да бір жаңбыр жауса сабан үйім құлап қалама деп алаңдайды.

Талғар ауданында да жағдай мәз емес. 62 ауланы су басқан . Тұздыбастау ауылының мыңға жуық тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілген.

Айгүл Хасенова, Тұздыбастау ауылының тұрғыны:

Бір секундтың ішінде су келді ғой. Болды сонымен басып кетті. Мына үстіміздегі курткалар бәрі үйде қалды да, осы пиджакпен МЧС шығарып алды. Бір метрден астам су кірді үйге.

Ауданға ат басын бұрған облыс басшысы Амандық Баталов елді сабырлылық танытуға шақырды. Бәрін шешуге тырысамыз деп уәде берді.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

Мұндай жағдайды шешуге барлық мүмкіндігіміз бар. Кішкене шыдаңдар, болды. Жарамсыз болса, алып тастаймыз да, жаңа үй салып береміз. Оны комиссия шешеді.

Олжас Нұржақып, тілші:

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше Жамбыл, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарында судың қаупі ұлғайып тұр. Арықтар мен бөгендерді, су басқан аулаларды тазалау жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Күннің күрт жылынуына байланысты арқаны кеңге салуға болмайды, дейді ресми өкіл. Дәл осындай жағдай Жамбыл облысында да орын алған. Аймақтағы әріптесім ахуалды баяндауға дайын тұр.  Данияр, сөз өзіңде.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Иа, Олжас, мұнда да жағдай мәз емес. Әсіресе тау етегінде қоныс тепкен ауылдар ағын судың астында қалды. Қардың күрт еруінен топан су елді мекендерге жайылған.

Оның үстіне жаңбыр жауып, көшелер тіпті көлге айналды. Кешеден бері Рысқұлов ауданындағы Жарлысу, Ақыртөбе, Әбжаппар, Тереңөзек, Өрнек және Мамай ауылдарының халқын тілсіз жау әбігерге салуда. 

Мырзабек Батырбеков, Өрнек ауылының тұрғыны:

2 мың түк шөбім кетті. 1 млн теңгеге сатып алғам. Егемін деп отырған он үш тонна тұқымдық арпам ағып кетті. Шығынға батып отырмын.

Еріген қар суы сай-салаға сыймай сарқырай аққан. Мына жеңіл көлік арындап келген судың астында қалып қойған. Адамдары әрең дегенде аман шығыпты. Тұрғындар атқарушы биліктің алдын алу шарасын жүргізбегеніне наразы. Арық-атыздардың арнасы аршылмаған дейді. 

Нұрлан Түстікбаев, Әбжаппар ауылының тұрғыны:

Көпір тар. Мына жерге көпірді аз салған. Көбейтіп екеу салу керек. Тереңдетіп. Жыл сайын ағатын нәрсе. Қаржы керек, бөлу керек, осыны үкімет істеу керек. 

Құтқару жұмыстарына 150 адам, 20-ға жуық техника жұмылдырылған. Төтенше жағдай мамандары кешелі-бері 2 млн литрдей су шығарыпты.

Талғат Сабиров, Жамбыл облысы ТЖД бастығының орынбасары:

Шамамен 26 үйді су алған. Су басылды, өтіп кетті. Үйлердің бәрі сау. Зардап шеккендер жоқ.

Ал, аудан әкімі арқаны кеңге салуға әлі ерте, қауіп бар дейді. Сондықтан құтқарушылар тобын қайтармай отыр.

Асқар Қырықбаев, Т. Рысқұлов ауданының әкімі:

Біз бұларды әлі жібермей тұрмыз. Әлі күн ысып тұр ғой, таудан қар еріп жатыр. Сол қатты да қауіпті жағдайдан кішкене қорғап қалайық деп ТЖ жігіттерін жібермей тұрмыз. Табиғи жағдай ғой. Сол 27 күні түні сағат 12-ден таңғы 5-ке дейін жауын жауды. Сол қармен араласып, қар бізде 70 см жауған.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Әулиета билігін әбден әбігерге салған тасқынның беті бүгін ғана қайтты. Ауданда су басу оқиғасы соңғы рет осыдан 13 жыл болған екен. Қазір қызыл су жазық далаға жайылып жатыр. Қауіпті жағдай қайталанбас үшін әкімдік мемлекеттік мекемелер мен мектеп қызметкерлерінен ауыспалы кезекшілік қойған.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ