Adv pic
$475.25 €505.52 ₽4.95
×

Биыл 164 елді мекен қызыл судың құрсауында қалуы мүмкін - ІІМ

AstanaTV
28.02.2018ж. 20:00
2125
Биыл 164 елді мекен қызыл судың құрсауында қалуы мүмкін - ІІМ

Биыл Қазақстан бойынша 164 елді мекенді су басу қаупі бар көрінеді. ІІМ-нің орынбасары Юрий Ильин осылай деп мәлімдеді. Алматы облысындағы ахуалдан бөлек, елдің батыс аймақтары да тілсіз жаудың әлегімен бетпе бет келуі әбден мүмкін. Соңғы күндері қолға алынып жатқан тасқынға қарсы күрестің барысы қалай? Дәуренбек Бақдәулет баяндайды.

Оңтүстік өңірдегі жағдай күрделене түсуі мүмкін. Себебі Қазгидромет кей жерлерде жауын-шашын күшейеді деген ақпар таратты. Ал, ІІМ-нің орынбасары Юрий Илин Алматы облысындағы жағдайға жергілікті атқамінерлердің де кінәсі бар дейді. Арықтар мен су ағарлар дер кезінде тазаланбаған.  

Юрий Ильин, ҚР ІІМ орынбасары: 

Жер қыза қоймаған, әлі тоң болып жатыр, жылдам еріген қар суы жерге сіңбей, тұрғын үйлерге лап қойған. Соңы осындай жағдайға әкеліп соқтырып отыр.

Ақтөбе облысында 12 мыңнан аса халық тұратын 43 елдімекенді су басу қаупі бар. Қазір тасқынның алдын алу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Өзен жағасында тұратындарға ескерту таратылды. Мамандар тұрғындардың қауіпті аймақтарда құрылыс жүргізуді тоқтатпай отырғанын айтады.

Қайрат Қасым, облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы:

Заң бойынша жергілікті атқарушы билік жеке тұрғын жай статусы жоқ нысандардың шығынын өтемейтінін ескерткім келеді. Яғни бұл жердегі халық тәуекелге барып отыр.

Өткен жылы 600-дей ауланы су басқан. Үйлері жарамсыз деп танылған жүзге жуық отбасына жер беріліп, қаржылай көмек көрсетілді. Қазір өңірдегі үш ірі суқойманың деңгейі бақылауда. Тасқынның алдын алу жұмыстарына 190 миллион теңге бөлінді. Тұрғындарды орналастыру үшін 87 орын белгіленген. 1600 адам мен 500 техника құтқару жұмыстарына дайын. 

Бекболат Нұрашев, қалалық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:

Вохр, Махамбетовка, Строитель-1, УВД-4 көшіру міселесін қазір көтеріп жатырмыз. Осылар қауіпті аймақтардың қатарына кіретін. Сосын жаңа айтқандай өзен бойындағы, 4 өзен бар, оның бойындағы бау-бақшалар... Ол жақта тұруға болмайды. Егер үлкен су келетін болса, эвокуациялау жұмыстарын жүргіземіз.

Қызылорда облысында да осыған ұқсас жағдай. Байқоңыр қаласында бірнеше аула су астында қалды. Коммуналдық қызметтің шамасы жетпей жатқан көрінеді. Оның үстіне арнайы техника жоқтың қасы. 

Марат Дәулетбаев, Байқоңыр қаласының тұрғыны:

Айналдырған екі техника суды тартумен әлек. Жертөлелер суға лық толды, күн жылығанда олар көптеген инфекцияның тарату орнына айналмақ.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Естеріңізге салсақ, өткен жылы топан судың алдын алу үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 12 млрд теңге бөлінген. Биыл жоспарлы іс-шараларға шамамен 8 млрд теңге қаражат қажет дейді ішкі істер вице-министрі. Айтуынша, қауіпті делінген аймақтардың барлығы қатаң бақылауға алынған

Жақсыбек КЕМАЛ, Шарипа САҚТАПОВА