Астанада полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау және әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шара өткізді.
Рейд барысында Майлин көшесінде орналасқан нысандардың бірінде кальян қолдану фактісі анықталды. Тексеру кезінде темекі өнімдерін және темекі шегуге арналған құрылғыларды пайдалануға қатысты заң талаптарының бұзылғаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша кінәлі тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабы бойынша 4 әкімшілік хаттама толтырылды. Айта кетейік, жыл басынан бері елорда аумағында темекі өнімдерін және темекі шегуге арналған құрылғыларды, оның ішінде кальянды пайдалануға қатысты 4 500-ден астам құқық бұзушылық тіркелген. Профилактикалық іс-шара барысында полицейлер азаматтарға темекі өнімдерін және темекі шегуге арналған құрылғыларды пайдалануға заңмен белгіленген шектеулерді түсіндірді. Полиция қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заң талаптарының сақталуын бақылау бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыруда.