Алматыда Ашимов көшесіндегі Tandau тұрғын үй кешенінің ауласында 4 жастағы қызға бейтаныс ер адам тиісіп кеткен. Бұл туралы баланың анасы әлеуметтік желіде жазды.
Әйелдің айтуынша, белгісіз жас жігіт жабық аумаққа кіріп, әткеншекте ойнап отырған қыздың жанына барған. Ол баланы құшақтап, бетінен сүйе бастаған.
Оқиғаны басқа бала байқап, жақын маңда кіші ұлымен жүрген қыздың анасын шақырған. Әйел бейтаныс адамнан не істеп жатқанын сұрағанда, ер адам өзін қыздың ағасы ретінде таныстырған. Алайда анасы араласқаннан кейін ол оқиға орнынан қашып кеткен.
Кейін баланың анасы күдікті ер адамның ұсталғанын хабарлаған. Оның сөзінше, ер адамнан лезвие табылған, сондай-ақ ол бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталған болуы мүмкін. Алайда жеткілікті негіз болмағандықтан, ер адам кейін босатылғаны айтылды.
Сондай-ақ әйел ер адамның аулаға қайта келемін деп қорқытқанын мәлімдеген.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысты Наурызбай аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатыр.
«Ер адамның жеке басы міндетті түрде анықталып, оның әрекетіне құқықтық баға беріледі. Факт расталған жағдайда ол заңға сәйкес тиісті жазасын алады», – деп мәлімдеді Алматы қаласы полиция департаменті.