АҚШ-та ЭКО арқылы дүниеге келетін баланың генетикалық ерекшеліктерін алдын ала таңдауға бағытталған жаңа нарық қалыптасып келеді
The Economist мәліметінше, Nucleus, Orchid және Herasight сияқты стартаптар эмбриондарды тек тұқым қуалайтын аурулардың қаупіне қарай емес, болжамды IQ, бой, ұзақ өмір сүру мүмкіндігі, көз бен шаш түсі сияқты белгілер бойынша да бағалай бастады.
Мысалы, Herasight қызметінің құны 50 мың долларға дейін жетеді. Әзірге мұндай технология негізінен ауқатты америкалықтарға қолжетімді.
Бірақ оның ғылыми дәлдігіне қатысты үлкен сұрақ бар. Зерттеулердің бірінде 10 эмбрионның ішінен таңдау жасалған жағдайда да болжамды IQ өсімі орта есеппен 3 ұпай шамасында болған.
Яғни бұл әзірге «ақылды баланы таңдап алу» технологиясы емес. Генетика адамның болашағын толық анықтамайды, ал мұндай болжамдардың дәлдігі шектеулі.
Соған қарамастан, ЭКО арзандап, көпшілікке қолжетімді бола түссе, бұл нарықтың көлемі орасан болуы мүмкін. Қазірдің өзінде АҚШ-та жылына шамамен 100 мың бала ЭКО арқылы дүниеге келеді.
Ал инвесторлар ЭКО жаппай таралған жағдайда генетикалық іріктеу индустриясының жылдық әлеуетін 400–500 миллиард долларға бағалап отыр.