Қостанайда теміржол вагонының төбесіне шығып суретке түспек болған 15 жастағы жасөспірімді кернеуі 27 мың вольттан асатын электр тогы соққан.
Наш Костанай ақпаратынша, жасөспірім облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне денесінің 60 пайыздан астамын күйік шалған күйде ауыр жағдайда жеткізілген.
Травматолог-ортопед Мирас Елжасовтың айтуынша, бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, онда шамамен бір жарым ай жатқан.
"Бақытымызға орай, оның қолы мен аяғын сақтап қала алдық", – деді дәрігер.
Мирас Елжасов мұндай жарақат кезінде аман қалу мүмкіндігі өте төмен екенін айтты. Оның сөзінше, әлемдік және республикалық статистика бойынша осындай жарақат алған балалардың шамамен 90 пайызы алғашқы аптада көз жұмады.
Қазір жасөспірім жансақтау бөлімінен кәдімгі палатаға ауыстырылған. Оны ауруханадан шығаруға әлі ерте, ем тағы екі-үш аптаға созылуы мүмкін.
Жасөспірім сол күні достарымен серуендеп жүргенін айтты. Олар үйге баратын жолды қысқарту үшін теміржол бойымен жүрген. Пойызды көрген балалар суретке түспек болған.
"Вагонның төбесіне отырдым, досым мені суретке түсірді. Кейін орнымнан тұрған кезде электр доғасы соқты. Соққыдан шамамен екі метр жерге ұшып түстім", – деді жасөспірім.
Ол оқиғаға дейін түсірілген суретті әлеуметтік желіге жариялап үлгерген.
Ток соққаннан кейін бала есінен танып қалған. Есін жиған кезде үйіне өзі бармақ болғанымен, оқиға орнына келген медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізген.