$456.88 €534.64 ₽5.47
×

Елде адам папиллома вирусына қарсы 502 мың вакцина салынды

AstanaTV
21.08.2026ж. 19:00
Елде адам папиллома вирусына қарсы 502 мың вакцина салынды

Қатерлі ісік алаңдатып тұр. Әсіресе, әйелдер арасындағы онкологиялық аурулардың көрсеткіші жоғары. Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1600-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Мамандар аурудың жасарып келе жатқанын айтып, оның алдын алуға шақырады.

Әлем бойынша 600 мың әйелден аты жаман ауру анықталып, 340 мыңы қайтыс болады. Елдегі көрсеткіш те жоғары.  Жыл сайын 500-ге жуық әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады. Ауру ұзақ уақыт бойы белгісіз дамуы мүмкін. Сондықтан оның алдын алу мен дер кезінде анықтау маңызды.

АҚМАРАЛ ЗЕЙНЕАБЕДЫН, ҰҒОО ОНКОГИНЕКОЛОГ ДӘРІГЕРІ:

Ол жыныстық қатынастың ерте басталуы, бірнеше жыныстық серіктестіктің болуы, темекі шегу, иммунитеттің төмендеуі деген секілді. Жатыр мойны обырының емделуі, ол анықтау сатысына байланысты. Егер ерте сатыларда анықталған болатын болса, әйелдердің толық сауық кетуіне мүмкіндік туады.

Жатыр мойны обыры - әлем бойынша әйелдер арасындағы төртінші ең көп кездесетін қатерлі ісік. Дерттің дамуы адам папилломавирусымен тікелей байланысты. Қазақстанда бұл вирусқа қарсы "Гардасил-9" вакцинасы сатып алынды. Ол жатыр мойны обырын және онкологиялық аурулардың өзге де түрлерін тудыратын АПВ-ның тоғыз типінен қорғайды, дамуын болдырмауға көмектеседі.

ГҮЛМИРА ИГЕМБАЕВА, NROC ДӘРІГЕР-ОНКОЛОГ:

Жатыр мойын ісігінің жас аспектілері 50-54 аралығында болса, ал қазір бұл ісік жаңарып келе жатыр. Алдын алса бұл ауру болмайды. Сондықтан ұлттық программа бойынша скрининг, екпе. Екпе бізде 70-90 пайызға алдын алу деп білеміз.

Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде ел бойынша 502 мыңнан астам екпе салынған. Оның ішінде 11-13 жастағы 272 мың қыз вакцинаның алғашқы дозасын алса, 180 мыңға жуығы екінші дозасын қабылдаған. Ал 14-17 жастағы 51 мыңға тарта жасөспірім алғашқы рет вакцина салдырған. Медициналық ұйымдарда төрт валентті «Гардасил» вакцинасының 160 мың дозасы сақтаулы. Оның 70 мыңы өңірлік қоймаларда болса, тағы 90 мың доза медициналық ұйымдардың өзінде бар. Бұған қоса, алдағы уақытта вакцмнаның  алғашқы партиясы жеткізіледі.

ДДСҰ 2050 жылға дейін жатыр мойны обырын жоюды мақсат етіп отыр. Ол үшін 15 жасқа дейінгі қыздардың кемінде 90%-ын вакцинациялау, әйелдердің 70%-ын тиімді скринингпен қамту және ауру анықталғандардың 90%-ына дер кезінде ем көрсету көзделген.