Дегенмен 8-наурызға байланысты бірнеше позиция дайындадық. Алдымен Президенттің құттықтауы. 7-не Мемлекет Басшысы Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында өткен «Көктем шуағы» деп аталатын мерекелік концертке барып, әйел затын құттықтады. Нұрсұлтан Назарбаев дүйсенбіде жариялаған бес әлеуметтік бастаманың ең алдымен әйелдерге арналғанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ардақты арулар! Әйелдің жағдайы дұрыс болса, әлеуметтің жағдайы да дұрыс болады. Барлық шаруаны қиналмай атқарып, іскер әйелдердің ерлігі де, өрлігі де өзіне жарасып тұрады. Арулардың ақыл ойы мен күш жігері өз шаңырағын да, қоғамды да өрге сүйрей алады.
Мұнан соң Президент астаналық көп балалы аналарға «Алтын» және «Күміс алқа» марапатын тапсырды. Елімізде мұндай алқа таққан аналардың саны қазір 250 мыңға жеткен.
Мемлекет Басшысы қалжыңдап та қойды. Мысалы, әйелдер ер кісілерге өмір сыйлап, өз-өздеріне проблема жасап алады немесе әйелдер жылына бір рет 8-наурызда өздеріне айтылған барлық сөзбен толықтай келіседі, деп.
«Астана» арнасында «Аналар» жобасы бар ғой, соның бір саны ғарышкер Айдын Айымбетовтың анасы Жұмагүл апайға арналған.
Қазір елге танылған бірнеше азамат анасы туралы айтып береді. Бірнешеуінің анасын да жаздық. Кімнің анасы отбасының «Қауіпсіздік кеңесін» басқарады екен, Ришат Асқарбекұлы әңгімелеп береді.
«Досмұқасан» тобының негізін қалаушылардың бірі, ғалым Досым Сүлеевтің ұстаз болған анасы ерте дүние салған. Бірақ дүниеге әкелген жеті баласына жететін тәрбие беріп кеткен.
Досым Сүлеев, академик:
Мен мына екі салада біраз жетістіктерге жеттім. Оны білесіздер. Музыка саласында, Дос Мұқасан арқылы. Ғылым жолында. Доктор, профессор, енді академик болып жатырмыз. Осының бәріне себепкер болған анам. Неге десеңіз? Мен тілді ұмытып, тіпті политехті бітіргенде қазақ тілін анам арқылы сақтап қалдым.Әкем әскери адам еді, үйде балалар бәрі орысша сөйлейтін. Анам тек қазақша сөйлеуші еді. Сол арқылы тілді сақтап қалдым. Анама алғыс айтамын.
Екі саланың басын тең ұстаған Досым Сүлеев былтыр жетпіске келді. Шымкент топырағында дүниеге келгенімен, саналы ғұмыры Алматыда өтеді. Анасы Айнаш адалдықтың, әділдіктің, адамгершіліктің ала жібін аттамауды қаршадайынан қанына сіңірген. Ата-анасы бала Досымды музыкалық мекетепте білім алуға жібереді. Бірақ есейгенде ананың бір ауыз сөзі оның музыкант емес, басқа салаға бетбұрыс жасауына түрткі болады.
Досым Сүлеев, академик:
Қолымнан ұстап мамам айтады: балам, сен музыкнат болып кетпе. Ансамбльден атың қатты шығып кетті. Бірақ сені әкем екеуміз инженер болсын деп оқуға беріп едік, дейді. Мен қатты ойланып қалдым, содан соң 1-2 жылдан соң «Досмұқасанды» қалдырып, Москваға аспирантура түсіп, осы ғылым жолын қуып кеттім.
Ана дегенде ерекше сезімге бөленетін тағы бір музыкант Сәкен Майғазиев. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында анасына деген құрметі мен сүйіспеншілігін жасыра алмайтын ерекше адамдардың бірі. Шешесі туралы ақпараттармен бөлісіп, оның өсиетті сөздерін үлгі етеді. Биыл 81 жасқа келген Ұлтай әже он баланы өмірге әкелген. Сәкеннің әуенге деген әуестігі туралы мынадай естелікті есіне алды.
Ұлтай Мырзамбекқызы, С.Майғазиевтің анасы:
Сол кітаптарды бірінің үстіне бірін қойып алады. Сосын солардың жуанын, одан кішісін, одан кішісін қойып алып, шыбықпен ұрады. Мұны не істеп жатсың десең, мама, мынаның әрқайсысынан әртүрлі звук шығады дейтін. Мынау жуан, мынау жіңішке дейтін.
Сәкен Майғазиев 8 наурыз мерекесіне арнап Алматыда екі күн қатарынан концерт берді. Ауылда тұратын қос анасын биыл шығармашылық кешіне қонақ етіп шақырыпты. Созақ ауданынан келген Ұлтай әже телеарналардағы бағдарламаларды жіті қадағалап, өз пкірін айтып отырады.
Ұлтай Мырзамбекқызы, С.Майғазиевтің анасы:
Әлгі түсіріп жатсыңдар ғой, ене мен келін деп, неше түрліні. Көріп жүрміз. Енесі баласын қызғанады дейді. Ол қандай ана, баласын қызғанатын. Келіншегін жақсы көріп тұрса, онда нең бар сенің. Өзіңмен өзің бол. Тоба 6 келінім бар, ешқайсынынан жаманшылық күтпеймін. Өзім де Сәкеннің фамилиясындағы кемпір-шал қолында 45 жыл тұрдым. Баларым да, қыздарым да ойшаң.
Қызылорда облысында теміржолшылар отбасында өмірге келген журналист әрі саясаткер Әміржан Қосановтың анасы туралы да көп айтуға болады. Әміржан аға да анасы туралы «Фейсбук» желісінде көп жазбалар қалдырады. Анасының атын атамай, «алты жапырақтың анасы», «үйдегі үлкен кісі», «менің баспасөз хатшым» деп, ақыл–кеңес сұрап отыратыннын айтады.
Әміржан Қосанов, саясаткер:
Өмірге жіті араласып отырады. Мен қалжыңдаймын, бұл кісі менің баспасөз хатшым, мен оның баспасөз хатшысымын деп. Өйткені апам осы жаңалықтардан не болып жатқанын маған айтып отырады. Ішінде мен туралы жайсыз хабар болса, уайымдайды. Қуанышты хабар болса мақтанады. Өзім де мына әсіресе ФБ желісінде шешемнің қит еткен бір тірлігі болса, қуанып жазып, отырамын, Себебі әке-шешені бағалау керек деп ойлаймын.
Аққыз Қосанова ақын Шөмішбай Сәриевтің туған әпкесі. Ол тұлғаға айналатын адамның балалық шақтан-ақ өзгеден ерек болатынын айтады.
Аққыз Қосанова, Ә.Қосановтың анасы:
Жас уақытта алған тәрбиелерінің нәтижесі ғой. Қазір өз баларына тәрбие айтады. Бірнәрсе дұрыс болмаса, қосыла қаламын, азамат қой бұлар енді.
Әміржан Қосанов, саясаткер:
Мен жалғыз 8 наурыз емес, осы анамның үйіне аптасын бір рет келемін. Кейде жұмыстан кейін, кейде ауылдан сәлем сауқат болса, етін аса салады. Баршамызды шақыра салады. Бізсіз бұл үйде ет асылмайды. Бұл салада анамыз, әлгі бес сасақ бірдей емес дейді ғой, алты бала болғасын, түсінбеушілік болады, ыдыс- аяқ сылдырлап тұрады. Біздің БҰҰ қауіпсіздік кеңесі сияқты тәртіпке салатын осы кісі.
Ұлтай Мырзамбекқызы, С.Майғазиевтің анасы:
Күтетін сыйлығым, солардың дені сау болса, бала-шағаларымен аман болса, Ештеңе сыйлық күтпеймін. Бірақ әкеп береді ғой. Үйге бір қажетті заттар әкеледі, киім әкеп беріп жатады. Оның керегі жоқ деймін өзім, сендер өзіңмен өзің осындай болып жүрсеңдер болды деймін.
Аққыз Қосанова, Ә.Қосановтың анасы:
Менің қымбат сыйлығым, алты жапырағым деп айтамын. Осы алты жапырақтың аманшылығы. Немере-шөберелерімнің шауып жүргені, бәрі маған сыйлық. Бөтен сыйлық керек емес. Балаларым, келіндерім бәрі өзіме жақсы. Өз ойымдағыдай бәрі де.
Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт».